Абай облысында күлге айналған қарағайлы орманды қалпына келтіруге қырық жылдан астам уақыт керек. Алапат өрттен 6 миллион текше метр ағаш жарамсыз болып қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Енді діңгегі отқа оранған қарағайларды дереу отау қажет. Өйткені жанып кеткен ағаштарға зиянкестер үймелейді. Ал өзегіне құрт түскен жағдайда қарағай еш нәрсеге жарамайды. Сондықтан өртенген 65 мың гектарға жуық алқапты тазартуды ақпан айында бастауды жоспарлап отыр. Әйтсе де орман қызметкерлерінде бұған жұмылдыратын техника жеткіліксіз.
Қазір мамандар өртенген алқапты қаулаған қалың орманға айналдыруға жұмсалатын қаржыны есептеп жатыр. Дегенмен олар сатып алынатын техникамен қатар басқа жұмысты қосқанда миллиардтаған қаржы керек, дейді. Енді орманшылар арнайы жоба әзірлеп, дереу экология министрлігіне ұсынбақшы.
"Енді біз оны тұқымбақта екі жыл бойы өсіреміз, жеткіземіз. Содан кейін ол ағаштарды алып орманға отырғызамыз. Сонда бір ағаштың өсіп-жетілуіне, үлкен орманға айналуына 40 жыл уақыт керек", - дейді "Семей орманы" МТОР бас директорының орынбасары Ғани Алпысшалов.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!