Абай облысында онға жуық адам екі елдің азаматтығымен жүрген , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Айта кетейік, басқа елдің азаматтығына кірмес бұрын ҚР азаматы қазақстандық азаматтықтан бас тартуы қажет. Ол үшін З0 күн мерзім ішінде ішкі істер органдарын өзге мемлекеттің азаматтығын алу жоспарланғаны туралы хабарлап, сондай-ақ ҚР паспорты мен жеке куәлігін тапсыру қажет.
Өкінішке қарай, Абай облысының кейбір тұрғындары бұл рәсімді елемейді, сондықтан қос азаматтық фактілерінің өсуі байқалады. Биыл 8 айда Абай облысы ПД көші-қон қызметінің қызметкерлері онға жуық қос азаматтықпен жүргендерді анықтаған.
Қос азаматтықтың бірнеше себептері бар: төтенше жағдайлар туындаған жағдайда шұғыл эмиграция мүмкіндігі, материалдық көмектер алу, атап айтқанда, зейнетақы есебі, балалар туылған кездегі жәрдемақы, жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдік жағдайлары және т.б.
Мысалы, тамыз айында Бородулиха аудандық ПБ-нің көші-қон қызметінің қызметкерлері Бородулиха ауданының 54 жастағы тұрғынын анықтаған. Ол 2024 жылдың маусым айында Ресей Федерациясының азаматтығын алған, алайда ол туралы хабарламаған және сәйкесінше, Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуды уақытылы рәсімдемеген.
Сот шешімі бойынша құқықбұзушы Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге шығарылды. Құқық бұзушыдан Қазақстан Республикасы азаматының паспорты тәркіленіп, Қазақстан азаматтығынан айырылуы рәсімделді.
Айта кетейік, қолданыстағы заң бойынша өзге ел азаматтығыңыз болса жауапты органға 30 күн ішінде хабарлауыңыз керек және Қазақстан азаматтығынан бас тартуыңыз керек.
Егер бұл міндеттерді орындамай, екі елдің құжатын қатар қолданып жүрсеңіз, 345 мың теңге айыппұл арқалайсыз.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!