Абай облысында ішімдікке тойып алған ер адам үйіне бара жатқан 6-сынып оқушысын зорламақ болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, 31 жастағы ер адам сағат 08:49 шамасында өзімен өзі кетіп бара жатқан қыздың артынан барып, оны сүйрелей жөнелген. Бұл бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
"Қызды сүйрелеп кіргізіп жатқанда үйден шығып бара жатқан адам байқап, дереу полиция шақырмағанда не болатынын ойласам, жаным түршігеді. Айдың-күннің аманында "Мұндай сұмдықты көреміз?" деп кім ойлаған. Анасы да абдырап, қорқып қалды. Жасөспірім қыздың жағдайы ше? Күдіктінің бейнебақылау камерасы арқылы дереу табылғанына қуандық. Бәріміз бала өсіріп отырмыз. Ер адам тиісті жазасын алсын", - деді Қарағайлы ықшам ауданының тұрғыны Сәуле.
Ер адамнан зорлық көре жаздаған баланың анасының айтуынша, полицейлер күдіктінің үстінен іс қозғаудың орнына, қайта-қайта түсініктеме ала берген.
"Полициядан "Сіз қайдасыз?" деп хабарласты. "Мен үйдемін" дедім. "Сізден түсініктеме аламыз" деді. Мүгедектігі бар қызымның тағдырын ойлап, "жүрегімді ұстап" отырсам, бұлар маған материалдық залал ұсынып, түсініктеме ала берді. Оны кешке дейін "айықсын" деп, отырғызып қойған. Мен оны көрдім, өзіме де неше түрлі нәрсені айтып тұрды. Ал тәртіп сақшылары "Тынышталыңыз" деп, менің қолымды қайырып әлек. Бұл істі айыппұл салып қана жабады екен, мен оның жазалануын сұраймын", - деді қыздың анасы.
Полицейлердің мәліметінше, күдікті мас болған, сөйтіп баланы қорқытқан. Ол өз әрекеті үшін жазасын алған.
Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас басқа да істерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз