Абай облысында күнбағыс қабығы өртеніп, ауыл тұрғындары эвакуацияланды

Фото: Видео кадры

Абай облысы Жаңасемей ауданы Приречное кентінде өрт шықты. Оқиға салдарынан 112 үй эвакуацияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ТЖМ мәліметінше, ауылда күнбағыс қабығы жанып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, ауылдың үстін түтін басқан, әлеуметтік желілерде видеолар жарияланды.

"ТЖМ күштері тұрғындарды эвакуациялап жатыр. Өртті сөндіруге қатты жел қиындық келтіреді", - деп жазылған хабарламада.

Облыстық ТЖД бастығы Манарбек Шапағатовтың айтуынша, өрт әлі ауыздықталған жоқ. Екі тұрғын үйге қауіп төніп тұр, оларға су шашылып жатыр.

Ауылдың екі көшесінде қатты түтін болғандықтан, эвакуациялау туралы шешім қабылданған. 112 үйдің тұрғындары ауылдық мәдениет үйіне уақытша орналастырылған.

Қазақстанның ТЖМ командалық орталығының базасында жедел штаб құрылды. Өртті сөндіруге ТЖМ, ПД, ЖАО, ЖШС және ҚР ТЖМ 68303 әскери бөлімінің 111-ден аса қызметкері мен 33 техникасы жұмылдырылды. Оқиға орнында ТЖМ АМО қызметтері мен ТЖД психологтары жұмыс істеп жатыр.

Абай облысының ТЖД жедел желі ашылды 8 (722) 35-38-36.

ТЖ министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтің тапсырмасы бойынша өрт шыққан жерге ТЖМ тікұшағы жұмылдырылды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget