Абай облысында жауған қар жамылғысының биіктігі 4-5 метрден асып кеткен. Таулы аумақта орналасқан ауыл тұрғындары есіктен шыға алмай қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аудандық метеостанцияның мәліметі бойынша қар жамылғысының биіктігі 95 см. Таулы жерлерде қар жамылғысының биіктігі 1,5 м және кейбір елді-мекендерде, яғни Биғаш ауылына апарар жол "Қаракезең" Ақтас ауылы аумағында 4-5м дейін шамасында. Ал ауа температурасының төмендеуі -55 градусты көрсеткен.
"Көкпекті ауылы Ақтас ауылының жағдайы осы. Боран басталғалы қардың басқаны мынау. Екі күннен бері үйден екі елі шығалмай отырмыз. Есік ашылмайды , терезеден шығып, көмір әкеліп, қайта терезеден кіруге тура келді. Тазалаушы техникалар жеткенше күніміз осы",- дейді Ақтас ауылының тұрғыны Мұрат Кеңесбаев.
Ал жауапты басқарманың айтуынша, бүгінде республикалық маңызы бар "Омбы-Майқапшағай" автомобиль жолы, облыстық маңызы бар "Көкпекті-Васильев өткелі" және аудандық маңызы бар "Үлкенбөкен-Көкжайық-Үлгілімалшы", "Преображенка-Теректі -Шұғылбай" және "Көкпекті-Биғаш", "Көкпекті-Ақтас-Толағай" ауылдары арасындағы жолдары қардан тазартылуда. Қазіргі таңда, Көкпекті-Ұзынбұлақ, Ажа ауылына кіре беріс және Биғаш-Егінбұлақ аудандық маңызы бар автомобиль жолдары қардан ашылып жатыр.
Жол учаскелерінде 14 техника және 22 адам жұмыс істеп жатыр. Ауданда жолда қалған жолаушыларды орналастыру үшін эвакуациялық пункттер қойылған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!