Абай облысында хабар-ошарсыз кеткен 68 жастағы ер адам тоғыз сағаттан аса уақытқа созылған іздеуден кейін табылды. Оны іздеуге полиция қызметкерлері мен құтқарушылар жұмылдырылып, дрон да қолданылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
6 қарашада таңғы сағат 07:00 шамасында полицияға ер адамның бауыры хабарласып, туысы жоғалып кеткенін айтқан. Оның сөзінше, соңғы уақытта ағасының есте сақтау қабілеті нашарлап, бейтаныс жерлерде бағыт-бағдар табуы қиындаған.
Хабар түскен бойда тәртіп сақшылары мен құтқарушылар іздеу жұмыстарын бастаған. Олар үш топқа бөлініп, әрқайсы өзіне бекітілген аумақты тексерген. Ал адам аяғы жете бермейтін ашық даланы шолу үшін дрон пайдаланылған.
Тоғыз сағаттан аса уақытқа созылған іздеу нәтижесінде ер адам сағат 16:20 шамасында Бұлақ ауылынан жеті шақырымдай жердегі ашық даладан табылды.
Құзырлы органдардың мәліметінше, қазір 68 жастағы тұрғынның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!