Республика күні қарсаңында Абай облысының жас мемлекеттік қызметшілері ант қабылдады. Бүгін мемлекеттік қызмет саласы сегіз жас қызметкермен толықты.
Абай облысы әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Сәрсебаев мемлекеттік қызметкерлерді ант қабылдауымен құттықтап, қызметте табыс тіледі. Қызметшінің Әділетті Қазақстанды құруда маңызды рөл атқаратындығын атап өтті.
"Қабылдаған анттарыңызға адал болып, өздеріңізге жүктелген жүгі ауыр, жауапкершілігі мол қызметті абыроймен атқарып, Еліміздің және Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестеріңізді қосады деп сенемін. Ұлт мәртебесін арттырып, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Келе жатқан, Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында ант берулеріңізбен құттықтай отырып, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін", - деді Жасұлан Сәрсебаев.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент басшысы Нұрлан Дәулетқалиев мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін арттыруға бағытталған имидждік жоспар әзірленгенін баса айтты.
"Биыл біз имидждік жоспар жасадық. Оның аясында ант қабылдау рәсімі үшін арнайы орын құру жоспарланған. Бүгінде біз мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеру мақсатында қажетті шараларды қабылдап жатырмыз", - деді Нұрлан Дәулетқалиев.
Шара барысында мемлекеттік қызметке жаңадан келген қызметшілерге жеке куәліктер табыс етілді.
Материалды Абай облысының әкімдігі ұсынған
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!