Абай облысы Үржар ауданындағы мектептердің бірінің үш қызметкері жантүршігерлік жол апатынан қаза тапты, - деп хабарлайды Qaz365.kz.
Басылым мәліметінше, оқиға 9 желтоқсанда сағат 14:45-те "Таскескен-Бақты" тасжолында болған. 29 жастағы Toyota Carina E көлігінің жүргізуші рөлді басқара алмай, қарсы бетте келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан. Жол көлік оқиғасы салдарынан 3 адам қаза тапқан.
Кейін қаза болғандар Үржар ауданындағы Жаңай орта мектебінің психологы, әскери нұсқаушысы және жабдықтау бөлімінің меңгерушісі екені белгілі болды.
"Мектептегілердің бәрі жылап жатыр. Әскери нұсқаушыға обал. Биыл мектепке келген жас жігіт еді, әлі үйленбеген. Психологтың бес баласы бар", - дейді жергілікті тұрғын басылымға.
Осы дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша соталды тергеу басталды. Қазіргі уақытта іс бойынша бірқатар сараптама тағайындалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!