Абай облысында 11 жастағы қызды көлік қағып кетті. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратта көлікті жергілікті мешіттің имамы жүргізгені айтылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Абай облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 14 қазан күні сағат 11:40 шамасында Үржар ауылындағы Гагарин көшесімен келе жатқан Toyota Rav-4 көлігін тізгіндеген 44 жастағы жүргізуші 11 жастағы баланы қағып кеткен. Оқиға салдарынан кәмелетке толмаған қыз Үржар ауданының орталық ауруханасында қайтыс болды.
"Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеу барысы Абай облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында", - деп хабарлады ведомство.
Бұл ақпаратты Абай облысының бас имамы Асқар Мұқанов растады. Ол көлікті расында да ауыл мешітінің имамы айдағанын хабарлады. Оның айтуынша, көлік сағатына 40 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен қозғалған. Куәгерлердің айтуынша, бойжеткен үйлердің бірінің ауласында байланған иттің үрген дауысынан қорқып, жолға қарай жүгіріп шыққан. Жүргізуші көлікті тоқтатып үлгермеген. Ол жол апатынан кейін жәбірленушіні дереу ауруханаға жеткізген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз