Абай облысында есепте тұрған әйел тәртіп бұзғаны үшін жауапқа тартылды

Абай облысында есепте тұрған сотталған адам тәртіп бұзғаны үшін жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

33 жастағы Өскемен тұрғыны ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотталып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Жазасын өтеу үшін сотталған әйел Абай облысындағы әйелдер колониясына жеткізілді. Үлгілі тәртібі, ішкі тәртіп ережелерін сақтағаны және жазасының нақты бөлігін өтегені үшін сот үкімімен оның бас бостандығынан айыру жазасы 1 жыл 10 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды.

Сотталған әйел пробация қызметіне есепке қойылып, оған жазаны өтеу тәртібі мен шарттары түсіндірілген болатын. Алайда бұған қарамастан, ол жазаны өтеу шарттарын бұзып, белгіленген уақытта тіркеуге келмеген және тұрғылықты мекенжайында болмаған. Осыған байланысты оның жазасы – бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, қалған 1 жыл 7 ай мерзімін колонияда өтеу белгіленді.

Қазір ол Абай облысындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатыр. Карантиндік бөлімнен шыққан соң, ол мекеменің наубайхана цехына жұмысқа орналастырылады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз