Абай облысында денсаулық сақтау саласы қалай дамып келеді?

2025 жылға дейінгі "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында облыста 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Өңірлерді дамытудың кешенді жоспарында Семей қаласында 100,4 миллиард теңгеге 5 медициналық нысанның құрылысы қарастырылған. Гемодиализ орталықтары 2023 жылы Көкпекті ауылында, биыл Үржар мен Ақсуатта ашылды. Сондай-ақ 2024 жылы Жарма мен Мақаншы ауданындағы аудандық ауруханаларға 2 компьютерлік томограф сатып алынды.

Жедел медициналық жәрдем ауруханасы (ЖМЖА) жүрек-өкпе аппаратымен жабдықталды, бұл туа біткен және жүре пайда болған жүрек ақауларына қан айналымын толық тоқтатып, ашық жүрекке операцияларды енгізуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ жұмсақ тіндердің кең, ұзақ жазылатын ақауларына арналған күрделі реконструкциялық пластикалық операциялар енгізілді. Шала туылған және ауыр ақуыз-энергетикалық жеткіліксіздігі бар балалар мамандандырылған емдік тағамдармен қамтамасыз етіледі.

Аурушаңдық деңгейі төмен тенденцияны көрсетті. Мәселен, туберкулез ауруы 11,7 пайызға, қатерлі ісік ауруы 1,5 пайызға азайған. Ауыл тұрғындарын медициналық қызметпен қамтуға үлкен көңіл бөлінуде. Жылжымалы медициналық кешендердің арқасында 2024 жылдың өзінде 54 415 адамға қызмет көрсетілді.

Бүгінде облыстағы емдеу мекемелерінде 9 500 маман, оның ішінде 2 711 дәрігер еңбек етеді. Дегенмен кадр тапшылығы бар: ауылдық жерлерде 64, ал қалада 26 маман жетіспейді. Медициналық жоғары оқу орындарының түлектерін тарту мәселені ішінара шешуге көмектеседі. Мәселен, 2024 жылы 16 дәрігер-ординатор мен 20 ординатор жұмысқа орналастырылды, оның ішінде тек біреуі ғана облыстық ауруханаға, қалғандары қалаға жіберілді.

Анықтама үшін: Абай облысында 289 денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде 33 мемлекеттік, 30 жекеменшік мекеме, 86 дәрігерлік амбулатория, 31 фельдшерлік пункт және 109 медициналық пункт бар. Стационарлық медициналық көмек 3 631 төсек-орынмен қамтамасыз етілген, оның 3 112-сі мемлекеттік мекемелерде орналастырылған. Күндізгі стационарлар үшін 1 243 төсек орын бар, олардың көпшілігі мемлекеттік медициналық ұйымдарда орналасқан.

Материалды Абай облысының әкімдігі ұсынды

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!