- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Абай облысында бұрын...
Абай облысында бұрын дүкен болған ғимаратта оқушылар сабақ оқып жүр
Абай облысындағы Ақтоғай ауылында бастауыш сыныптағы 160 бала аядай үш бөлмеде оқып жатыр. Бұл ғимарат бұрын дүкен болған. Өңір басшылары он жыл бұрын жаңа білім ошағының құрылысын бастаған. Алайда белгісіз себептермен құрылыс бітпеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі qazaqstan.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Қуықтай бөлмелерге қамалған 160 оқушы осылай білім алуға мәжбүр. Ал жиналыс ені 1 метрге жетер-жетпес кіреберісте өтеді.
"Өте тар мектебіміз. Мынау міне "мұғалімдердің бөлмесі" деп айтамыз. Өте кішкентай бөлме. Бір ғана, екі адам сиятын. Балалардың киім ілетін жерлері жоқ. Кіреберіс, қосымша шығатын есікті киім ілетін жер етіп жасап қойдық. Стандартқа сай мына жер - 2,5 метр. Тақтадан баланың көзіне зиян келетін жерге жүргізе алмаймыз, СанПин нормасын. Өйткені балаларымыздың тарлықтан парталары жақын бір-біріне", - дейді мектеп директоры Гүлзипа Кесікбаева.
Ал Ақтоғай жалпы орта мектебінде 413 оқушы бар. Бастауыштан бөлек, қалған 245 бала осы 8 жылдық мектептің ғимаратында білім алып жүр. Былтыр қаржы бөлініп, бастан аяқ жөнделген. Бірақ денешынықтыру үшін спорт залы шағын. Мәдени шараларды өткізетін орын мүлдем жоқ.
"Аягөзге жарыстарға бардым. Олардың спорт залын көрген едім. Олардыкі өте дәу. Біз ондай спорт залды тек теледидардан ғана көреміз", - дейді 9-сынып оқушысы Шыңғыс Қабидолла.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Нускина осы жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Мектеп Ақтоғай ауылынан салынады. "Жайлы мектеп" жобасы аясында 300 орынға. Қаражаты 2 миллиард 900 мың қарастырылған. 2024 жылы салынып басталады", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова