Абай облысында бір тұтас ауыл жылусыз қалған

Абай облысы Жарма ауданы Шуақ ауылындағы қазандықтар істен шығып, бір тұтас ауылдағы тұрғын үйлер жылусыз қалған. Қазіргі уақытта қазандықтың жұмысын қадағалау мақсатында Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков, Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Серік Төленбергенов Шуақ ауылына арнайы барып, жағдайды бақылауда ұстауда, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жарма ауданы Шуақ ауылын орталықтандырылған жылумен жабдықтауды "Жарма Су" КМК қазандығы қамтамасыз етеді. Алайда қазандық істен шығып 283 абонент: 8 көппәтерлі тұрғын үй, фельдшерлік-акушерлік пункт, балабақша, мектеп және ОВ-156/21 колониясы жылусыз қалған.

Тұрғындардың айтуынша, жылумен қоса жарықта сөніп қалған.

"Бір айға жуық уақыт жылусыз отырмыз. Жылу қазандығы істен шыққан көрінеді. Оны қалпына келтіру мәселесін шешуге ешкім асықпай жатқан сияқты. Балалар неше күн бойы ауырып жатыр. Сабырлық сақтап осы уақытқа дейін келдік. Суда , жарықта өшеді, қақаған аязда жылудың өшуі шектен шыққандық. Үш айлық балам бар обограбательмен отырмыз күні түні. Бір бөлмеде сырт киіммен отырмыз халықтың жағдайын кім ойлайды", деді ашынған ауыл тұрғыны Назерке Байғалиева.

Ал облыс әкімдігінің мәліметінше 20.02.2024 ж. таңертең "Шуақ" жылу орталығындағы №1 қазандық тоқтады (себебі: экрандық құбырлардың жарылуы). Осыған байланысты № 2 резервтік қазандық іске қосылды.

Ауа райының температурасы (-30°С) ескеріле отырып, жылу желісіндегі судың температурсын біртіндеп жоғарылату қолға алынды. Сонымен қатар, тұтынушылар мен жылу құбырлары тексерілді. Жылу біртіндеп беріле бастайды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!