Абай облысында 34 жастағы жүкті әйел құрсағындағы шақалағымен бірге көз жұмды. Марқұмның туыстары әділдік талап етіп отыр. Олардың айтуынша, қайғылы жағдайдан кейін қызметінен қуылған дәрігерлер жұмысына қайта оралған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай 30 қаңтарда Үржар ауданында болған. Төртінші баласын босануға кеткен Гүлнәр Қайратқызының ауруханадан мәйіті шыққан. Қара жамылған отбасы әйел ешқашан ауырмағанын айтады. Сондықтан дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болды деп топшылайды. Себебі дәрігерлер оған дәрі егіп, бір тәулік күтеміз деп жатқызып қойған көрінеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары ана мен бала өлімінен кейін қызметінен шеттетілген дәрігерлердің жұмысқа оралуына қатысты жауап бере алмады. Олар босануға келген әйелге тиісті ем-шара бекітілген нұсқаулық бойынша жасалғанын ғана айтты.
"Босанған кезде пайда болған асқыну осындай жағдайға әкелді. Қазір сот-медициналық сараптаманың түпкі қорытындысы жоқ болғаннан кейін қылмыстық іс аясында диагнозын түсіндіре алмаймыз", - деді Абай облысы денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысының орынбасары Әсем Орынбаева.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова