Абай облысында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді

Абай облысында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли мәлім етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айтып, нақты міндеттер жүктеген болатын.

Осы бағытта өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 339,5 миллиард теңге болып, нақты көлем индексі 102,8 пайыз болды. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімдері 209,7 миллиард теңгеге өндіріліп, өсім 105 пайыз деңгейінде қалыптасты.

Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мақсатында биыл 15,1 миллиард теңге субсидия бөлінді.

"Оның ішінде өсімдік шаруашылығын дамытуға – 2,5 миллиард теңге, мал шаруашылығына – 4,8 миллиард теңге, қаржы құралдарын субсидиялауға және қайта өңдеу саласына – 7,8 миллиард теңге қарастырылды", - деді Берік Уәли.

Сондай-ақ, көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын қаржыландыру үшін өңір шаруаларына "Кең дала" бағдарламасы бойынша 9,5 миллиард теңге бөлінді. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 9 айда облыста 101 мың тонна ет (5 пайызға өсім) және 248,4 мың тонна сүт (6 пайызға өсім) өндірілді. Сондай-ақ, биыл ауыл шаруашылығы қызметкерлері 446 бірлік заманауи техника сатып алып, техника паркін жаңарту деңгейі 5,1 пайызға жетті.

"Биылғы егіс жұмыстары 782,1 мың гектар алқапта жүргізілді. Президенттің егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында дәнді дақылдар алқабы 12 мың гектарға қысқарып, жоғары рентабельді майлы дақылдар алқабы өткен жылмен салыстырғанда 42,5 мың гектарға ұлғайды", - дейді облысы әкімі.

Облыста 113,4 мың гектар суармалы жер бар, оның 31,6 мың гектары немесе 27,8 пайыз пайдаланылып жатыр. Су үнемдейтін технологияларды қолданылатын алаң 22,1 мың гектарға жеткізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 8,3 мың гектарға ұлғайды.

Абай облысының әкімдігі ұсынған материал