Абай облысында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумы өтіп, өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуы қорытындыланып, алдағы жылдарға жоба-жоспарлар белгіленді.
Жиында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегінің арқасында өңірдің экономикалық тұрақтылығы мен әл-ауқаты артып келе жатқанын атап өтті.
"Абай облысы - экономикасының негізгі бөлігін аграрлық сектор құрайтын аймақтардың бірі. Агроөнеркәсіп саласында оң өзгерістер орын алып, өнім көлемі артты. Өндіріске жаңа технологиялар енгізіліп, тиімділікті арттыруға бағытталған қадамдар жасалып жатыр. Бұл, әрине, осы залда отырған, ата кәсіппен шұғылданатын өздеріңіздің еңбекқорлықтарыңыз бен жоғары кәсібиліктеріңіздің арқасында мүмкін болғанын ерекше атап өту қажет", - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылған көрмені тамашалады.
Жалпы, биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс диқандары айтарлықтай табысқа жетті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 335,9 миллиард теңгені құрады. Мал шаруашылығында 110,7 пайыз өсім байқалды. Шаруалар мемлекет қолдауын сезініп келеді.
Биыл агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 17,5 миллиард теңге бөлініп, 2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға мүмкіндік туды.
"Мал шаруашылығы саласындағы 10 айдың қорытындысы бойынша тірі салмақтағы барлық түрдегі ет және сүт өндірісінің өсуі тиісінше 102,8% пайызды және 102,6 пайызды құрады", - деді форумда облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев.
Форум барысында облыстың ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Еңбегімен ерекше көзге түскендерге Президенттің Жарлығына сәйкес "Құрмет", III дәрежелі "Еңбек даңқы" ордендері, "Ерен еңбегі үшін" медалі, сондай-ақ облыс басшылығы атынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар, "Ауыл шаруашылығы саласының үздігі" төсбелгісі, "Еңбек ардагері" медалі табысталды.