Абай облысында алтынды заңсыз өндіргендер анықталды

Абай облысының Жарма ауданында алтынды рұқсатсыз өндірумен айналысқан топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Massaget.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Тергеу мәліметінше, топ мүшелері Жаңғызтөбе кентінен шамамен 10 шақырым жердегі аумақта тиісті құжаттарсыз кен өндірген. Олар құрамында алтын бар тау жыныстарын ашық әдіспен қазып, арнайы жабдық арқылы шайған.

Оқиға орны тексерілген кезде тереңдігі 15 метрге жететін карьер табылды. Заңсыз қазылған тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асқан. Бұған қоса, 4 мың шаршы метрден астам аумақтағы құнарлы топырақ қабаты бүлінген.

Жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде заңсыз кәсіпке қатысы болуы мүмкін тоғыз адам анықталды.

Оқиға орнынан:

  • кенді шаюға және ұсақтауға арналған жабдықтар;
  • құрамында алтын бар материал салынған жеті қап;
  • екі металл іздегіш;
  • екі тиегіш;
  • бір экскаватор тәркіленді.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.