• 519.19
  • 490.7
  • 5.29

Абай облысында 74 ауыл интернеттің игілігін көрмей отыр

Абай облысында 74 ауыл интернеттің игілігін көрмей отыр
Фото: Midjourney

Абай облысында 74 ауыл интернеттің игілігін көрмей отыр. Аягөз ауданындағы Малтүгел ауылы да байланыс аясынан тыс жерде. Ауыл халқы соңғы 20 жыл бойы мәселені шеше алмай келеді. Ал жергілікті билік өкілдері қажет жоспар жасалып жатқанын айтып отыр. Алайда шалғайдағы елді мекен тұрғындары оның нәтижесін көрмей отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар" телеарнасына сілтеме жасап.

Малтүгел ауылының тұрғындары 20 жыл бойы интернеттің мәселесін көтеріп келеді. Бірақ бүгінге дейін нәтиже жоқ. Жергілікті жұрт әкімдікке талай барған. Ондағылар түрлі сылтау айтып, халықты бос уәдеге тойдырып келген.

Интернеттің азабын тартқандар "байланысқа шығу үшін тау-тасты жағалауға мәжбүрміз", - дейді.

Интернет ауылдағы мектепте ғана ұстайды. Білім ошағында Мархабат Бәкешованың бес баласы оқиды. Қашықтан оқитын кездері балалар интернет ұстайтын жерді іздеп әлек. 

"Балалаларымыз интернетті білмейді. Мектеп ішінде ғана қолданады. Сабақтарын онлайн болған кезде оқи алмайды", - дейді ол.

Абай облысындағы 328 елді мекеннің 74-і интернетсіз отыр. Түйткілді мәселені шешу үшін министрлік тарапынан арнайы жол картасы қабылданған. Оның шеңберінде 2027 жылға дейін Абай облысындағы ауылдардың 96 пайызын сапалы ғаламтормен қамтамасыз ету жоспарланған.

"Бүкіл Қазақстан бойынша 467 млрд теңге қарастырылған. Малтүгел ауылы да жекеменшік серіктестік бойынша 171 елді мекеннің ішіне кіреді. 2025-27 жылдар арасында ол жерге жоғары жылдамдықтағы оптикалық интернет жетеді", - дейді облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова