Абай облысында атты полицей адасып кеткен 3 жасар баланы иен даладан тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
8 сәуірде Ақсуат ауданында 3 жасар бала байқатпай үйдің ауласынан шығып, жоғалып кеткен. Таңертең ерте туыстары баланы іздеуді бастап, шамамен сағат 11:00-де полицияға хабарласқан.
Осы сәттен бастап барлық күш тез арада жұмылдырылған. Бірнеше сағаттан кейін атты полиция қызметкері кішкентай баланы айдаладан байқаған. Ол елді мекеннен алыс жерге кетіп қалған.
"Сағат 14:00 шамасында бала елді мекеннен шамамен 3 шақырым жерден аман-есен табылды. Баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ", - деп жазылған ІІМ хабарламасында.
Ал полицейдің баланы тапқан сәтте "айналайын, келе ғой" деп шақырған видеосы желіні тәнті етті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!