- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Абай көшесінің бойындағы...
Абай көшесінің бойындағы орындық жеке үйдің ауласына қалай жеткен?
Алматыға жақын ауылдардың біріндегі үйдің ауласынан дәл қала көшелеріндегідей орындық тұрған сурет редакциямызға келіп түсті. Massaget.kz тілшісі үй иесімен тілдесіп тақырыпты зерттеп көрді.
Есімін айтудан бас тартқан азамат алғашында сұхбат беруден жалтарды. Әйтсе де орындықтың темір қаңқасын ауылына жақын маңдағы темір алатын орындардың бірінен сатып алғанын жасырмады. Содан соң ағашын қолдан жасап, ауласына орнатып қойған.
"Мен ешқандай заңсыз әрекет жасамадым. Темір алатын орындарды аралап, үйдегі қажет емес темір терсекті өткізіп жатқанымда осы орындық қаңқасына көзім түсті. Темір алатын жердің егесімен келісіп он мың теңгеге сатып алдым. Бар болғаны сол", - деп жауап берді.
Біз үй егесі айтқан дәл сол темір алатын орынға барып, қарапайым сатып алушының кейпінде "әлгіндей орындықтардың тағы темір қаңқасы бар ма, жер үйге сатып алғым келіп тұр" деп сұрап көрдік. Секен есімді сатушысы "екі данасы болғанын, қазір олардың өтіп кеткенін" айтты. Бірақ алдағы уақытта тағы келетінін айтып, келген жағдайда хабарласатынын айтып нөмірімді алып қалды. Демек оларға тұрақты жеткізіп берушілер бар.
Қазір мұндай орындықтар Абай көшесінің былтыр ғана ұзартылған тұсында орналасқан. Демек қаланы көріктендіруге арналған дүниелердің әлдекімдердің кесірінен темірге тапсырылып кеткендігі ақиқат. Бұл біз көрген бір ғана жағдай. Кезінде қаладағы кәріздердің темір қақпағына ие бола алмай, барлығын темір өткізетін жерлерден тауып, аяғында қаладағы осындай кәріз қақпақтарының барлығын резеңке қақпақтарға ауыстырып тастағанымыз рас. Қашанғы ұрылар қаламызды тонай береді? Полиция қызметкерлері ұрыларға ие бола алмаса мемлекеттің әлі талай мүлкін осындай темір қабылдайтын орындардан тауып қалуымыз әбден мүмкін. Ал қаланың айналасында металл қабылдайтын мұндай нүктелер тым көп.
Айтпақшы көшедегі дәл осы орындақтарды көтеріп көріп, екі адам болмаса бір адамның шамасы жетпейтініне көзіміз жетті. Демек екі бірдей ұры көшедегі орындықтарды "жәукемдеп" жатқанда қалай көзге түсіп қалмаған? Тиісті құқық қорғау орындары бұл мәселелерге орай неге рейдтер өткізіп тұрмайды? Әлде темір орындықтарды да, резеңкеге ауыстырып тынамыз ба?!
Осы орайда мәселені Алматы қаласы әкімдігінің, Алматы қаласы Полиция Департаментінің назарына ұсынып, мәселенің назарға алынуын сұрадық. Нәтижесін уақыт көрсетеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов