- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Абай қорық-мұражайы «EXPO-2017»...
Абай қорық-мұражайы «EXPO-2017» көрмесіне арнап жаңа сайт ашты
EXPO бүкіләлемдік бірегей көрмесі – маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы бойынша ең танымал әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстармен салыстыруға тұрарлық жаhандық ауқымдағы оқиға.
2012 жылы 22 қарашада Халықаралық көрмелер бюросына мүше 161 ел өкілдерінің жасырын дауыс беруі барысында «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу үшін Елордамыз – Астана қаласы таңдалды. Астананың өтінімін 103 ел қолдаған екен.
2012 жылы 26 қарашада Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» №436 Жарлыққа қол қойды. «ЕХРО-2017» ТМД елдерінде өтетін алғашқы көрме болмақ.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы ICOM-UNESCO ұйымына мүше бола отырып, әлемнің әдеби және музыка мұражайларын біріктіретін комитет (ICLM) қарамағындағы ұжымдармен шығармашылық байланыс жасап келеді.
2016 жылдың басында АҚШ елшілігі және АҚШ мемлекеттік департаментінің қолдауымен Фулбрайт бағдарламасы бойынша Семей өңіріндегі мәдени туризмнің ахуалын саралау үшін арнайы маман келуіне келісім жасалып, посткеңестік мемлекеттерде, оның ішінде Орта Азия мемлекеттерінде, мәдени туризмді дамытуға атсалысқан тәжірибелі маман Ричард Дион арнайы сапармен Семейге келіп, мәдени туризм саласын дамытудағы өз тәжірибесімен бөлісті.
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне арнап Абай қорық-музейі www.visit-abaisemey.org сайтын ашты. Сайттың жасалуына тәжірибелі маман Ричард Дион өз үлесін қосты. Онда Семей қаласының тарихы, мәдениеті, сәулет өнерінен мол мағлұмат беріліп, жаңалықтар айдары қаламыздың тыныс-тіршілігінен орыс-ағылшын тілдерінде хабардар етеді.
Сайттың негізгі мақсаты – «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген мәртебелі қонақтар мен туристерді еліміздің рухани астанасы – Семей қаласына, киелі Абай елі – Ұлылар мекеніне арнайы бағдарлама аясында шақыру арқылы қаламыздың экономикалық, мәдени жетістіктерімен, әсіресе Ұлы ақынының асыл мұрасымен және мәдени туризм саласына кәсіпкерлік көзқарас қалыптастыру тәжірибесімен таныстыруға, өңірдің туристік әлеуетін бюджетті толтыру көзі ретінде дамытуға тамаша мүмкіндіктер береді.
Ж. Жұмағұлов