Абай және Әл-Фараби даңғылдарындағы жол жұмысы уақытынан бұрын аяқталады - әкімдік

Абай және Әл-Фараби даңғылдарындағы жол жұмысы уақытынан бұрын аяқталады - әкімдік
Фото: pixabay.com

Негізгі магистралды көшелерді орташа жөндеу жұмыстары бекітілген уақытынан ерте аяқталады, Абай және Әл-Фараби даңғылдарында жөнделетін бірнеше бөлік қана қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаладағы негізгі даңғылдарда көлік қозғалысы бекітілген кестеге сәйкес 31 тамызға қарай аяқталуы керек болған. Алайда жөндеу жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
 
Әл-Фараби даңғылының оңтүстік бетінде жұмыстар толығымен аяқталып, солтүстік бетінде Достық даңғылынан Ходжанов көшесіне дейін жөнделген болатын. Енді 5 тамыз сағат 23:00-ден 7 тамыз 06:00-ге дейін Ходжанов көшесінен Гагарин даңғылына дейін полимерлі асфальтбетон жабынын төсеуге байланысты көлік қоозғалысы шектеледі. 6 тамыз күні Ходжанов көшесінен Дулати көшесіне дейін реверсивті көлік қозғалысы ұйымдастырылады.
 
Абай даңғылында екі мердігер ұйым қатар жұмыс жасап жатыр. Батыс бағытта Достық даңғылынан Розыбакиев көшесіне дейін жөндеу жұмыстары аяқталып, көлік қозғалысы ашылған. Ал шығыс бағытта Наурызбай батыр көшесінен Достық даңғылына дейінгі соңғы бөлік жөнделмек. Аталған бөлікте 6 тамыз сағат 23.00-ден 8 тамыз сағат 06.00-ге дейін полимерлі асфальтбетон жабынын төсеуге байланысты көлік қозғалысы шектеледі.

Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін патрульдік полиция қызметкерлері қамтамасыз етеді. Реверсивті көлік қозғалысы кезінде Әл-Фараби даңғылында жылдамдықты сағатына 40 шақырым шектеу туралы белгілер қойылып, жолақтар конусты фишкалармен белгіленеді. Реверсивті қозғалыс алдында екі жақтан көлік ағындарын бөліп тұратын металл турникеттер қойылады.

Жол жөндеу жұмыстары жайлы соңғы жаңалықтар қала әкімдігі мен қалалық мобилділік басқармасының ресми парақшаларында, Алматы жол телеграм арнасында, сонымен қатар, 2ГИС және Яндекс карта қосымшаларында қолжетімді.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыдағы магистральдық көшелерге жол төсемін төсеуде алғаш рет жаңа технологияларды қолданылды. Асфальтбетондардың құрамында полимерлер қолданылады. Мұндай қоспалар тозуға төзімді, жұмсару температурасы жоғары (65-70°C), ыстыққа төтеп беріп, әлдеқайда ұзағырақ қызмет етеді. Қазіргі 5 жылдың орнына 8-10 жыл пайдалануға болады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина