Абай Бегейдің әйелі Фариза Жұманова: “Қыздары әкесін қызғанып, менімен сөйлеспеді“

Танымал әнші Абай Бегейдің екінші әйелі Фариза Жұманова күйеуінің бірінші некесінен туған қыздарымен қарым-қатынасы туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әншінің әйелі бұл туралы YouTube желісіндегі "Айтарым бар" бағдарламасында сөз қозғады. 

"Алғаш тұрмысқа шыққанда өте қиын болды. Үйдегі қыздар әкелерін қызғанып, екі жылдай менімен сөйлеспеді. Қазіргідей қарым-қатынас құру үшін көп уақыт қажет болды. Әркімнің өз анасы бар ғой. Бір күні Әмина маған Ақтауда жүргенінде хабарласып, "мама" деді. Түс көргенін айтты. Түсінде өз анасы "Неге мама демейсің?" деп сұрапты. Ол да берілген аян шығар, содан кейін "мама" дей бастады. Қазір қыздар құрбымдай болып кетті", - деп отбасылық өміріндегі қиындығы туралы айтып берді. 

Блогер келіншектің айтуынша, ол күн сайын осы нәрселерді дұғасына қосыпты.

"Осы балалардың арқасында 32 жасымда құдағи атандым. Маған бұл жолда оқыған намазым, діни білімім көмектесті. Алладан қорыққаннан кейін алған аманатыма төзе білдім. Қатты қиын болып кеткен кездері намазда отырып, дұға тілейтінмін. Ішімдегі уайым-қайғыны Алла Тағалаға айтатынмын. Содан кейін жақсы болып қалатынмын. Ал басқа қыздар осылай істей ала ма, істей алмай ма? Тұрмысқа шыққаннан кейін мамасына, әкесіне, туысына хабарласып тұрса, өзіне қиын, ал ата-анасына екі-үш есе қиын болады", - деді ол.

Фариза Жұманова бұған дейін отбасындағы тәртіп пен ереже туралы айтып берген болатын. 

"Алғаш үйленген кезде мен ол кісіге жүз пайыз бағынатынмын. Сондықтан да болар, ол кісі қазір маған толық сенеді, еркіндік беріп қойды. Кейде тіпті мынадай жағдай болған. Мен киініп, дайындалып, үйден шығайын деп жатқанда ол кісі рұқсат бермей қоятын. "Мәссаған, бұл қалай болғаны" деп ойлағаныммен, айтқанына көнетінмін. Бірде мен үшін өте маңызды бір кісінің тойына барарда да дәл осындай жағдай болды. Сол кезде күйеуіме мойынсынғаным үшін Алланың берген сыйы шығар, қазір күйеуім көп жерге жібереді. Қыздармен кездескенде кеш қайтып, түн болып кетсе, кейде өзі келіп алып кетеді. Кезінде жүз пайыз мойынсынғаным үшін, қазір арамызда жүз пайыз сенім, түсінісу бар деп ойлаймын", - деген еді ол. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!