Кітап – рухани байлық, тәрбие бастауы. Бүгінде жастардың білім нәрімен сусындап, ұлттық сана-сезімді өшірмеу, тарихын ұлықтау, салт-дәстүрді насихаттау және ел мәдениетін көтеруде сапалы кітаптың алатын орны ерекше. Осы мақсатта азат елдің рухани байлығы саналатын құндылықты қолға алған "Абай баспасы" 35 кітапты жаңаша үлгіде жұрт назарына ұсынды.
Бүгін, 28 қараша күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада баспа шығарған 35 кітаптың тұсаукесері өтті. Әр кітап 1000 тиражбен жарық көрген. "Абай баспасының" құрылтайшысы әрі директоры Ақберен Елгезек 35 мың дана кітапты басып шығаруға ешқандай мемлекет қаржысы жұмсалған жоқ дейді.
Болашақта кітаптар санын 100-ге жеткізу жоспарымызда бар. Бұл – баспаның өз қаражатымен шығарылды. Мемлекеттен ешқандай қаржы жұмсалған жоқ. Келер жылдан бастап кітаптарды нарыққа шығарамыз. Сатылымнан түскен қаржыдан авторларға, авторлардың мұрагерлеріне қаламақы төлесек дейміз. Өзімізде қаламгер болғаннан кейін жазушылардың жағдайын жақсы түсінеміз. Жарыққа шыққан 35 мың дана кітапты барлық платформаларға шығарамыз, - дейді ақын Ақберен Елгезек.
Баспа қазақ әдебиетінің классик ақын-жазушыларының шығармаларынан бірегей серия жасақтаған. Бұл серия қазақтың бас ақыны, хәкім Абайдан басталып, Дулат Бабатайұлы, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Мұхтар Әуезов, Алашорда қайраткерлері, Кеңес Одағы заманының әйгілі қаламгерлері, тәуелсіз Қазақстанның көрнекті жазушылары мен белгілі жас авторлардың шығармаларын қамтиды. Қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай хәкімнен басталып, әр кезеңнің классик қаламгерлерінің шығармаларымен жалғасын тапқан кітаптардың ішінде оңайлықпен қолға түсе бермейтін, іздегенге таптырмас академиялық зерттеу еңбектері де бар.
"Абай" баспасынан шыққан 35 кітап әлемдік сұранысқа сай, заманауи үлгіде, минимализм дизайнда жасалған. Жинақтардың біразы бұрыннан қалыптасқан форма мен түстер галереясын, тіпті мазмұны мен тақырыбын да бұзып-жарып, өз жаңа тартымдылығымен оқырманға жол тартпақ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз