• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Абай атындағы ҚазҰПУ мүлкі заңсыз сатылған

Абай атындағы ҚазҰПУ мүлкі заңсыз сатылған
Фото: kaznpu.kz

Алматы прокуратурасы Абай атындағы ҚазҰПУ-ға оқу корпустары мен стадионды қайтарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Медеу ауданының прокуратурасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мүлкін заңсыз сату деректерін анықтады.  

"Оқу және тұрғын үй алаңы жетпейтініне қарамастан университеттің бұрынғы басшылығы сауда-саттық өткізбей және бағалаусыз жалпы ауданы 1500 шаршы метрден асатын екі оқу корпусын жеке тұлғаларға заңсыз сатқан", - деп жазылған хабарламада.

Бірақ ғимараттардың бірі бірнеше жыл бойы университеттің өзіне жалға берілсе, ал екіншісінде ойын-сауық мекемесі ұйымдастырылған.

"Спортты бірлесіп дамытамыз деген көзбояушылықпен Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында орналасқан алаңы 5 гектардан асатын спорт стадионы 10 жылға үшінші тұлғаларға берілген. 5 жыл бойы футбол алаңы коммерциялық мақсатта пайдаланылған, ал 16 мың студенттің дене шынықтырумен толық айналысуға және спорттық іс-шаралар өткізуге мүмкіндігі болмаған", - деп жазылған хабарламада.

Медеу ауданы прокуратурасының қадағалау актілері бойынша заңды күшіне енген сот шешімдерімен мүлік ұлттық университетке қайтарылды.  

Айта кетейік, 1928 жылы негізі қаланған Абай атындағы ҚазҰПУ - экономиканың барлық саласы үшін мұғалімдер мен ғылыми кадрлар даярлайтын еліміздің жетекші жоғары оқу орны.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова