«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы Тұжырымдамасының жобасы таныстырылды, - деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз орталығы.
Құжатты Ауыл шаруашылығы министрлігі «Атамекен» ҰКП агроөнеркәсіп кешені, тамақ өнеркәсібі және өңдеуші өнеркәсіп комитеттерінің отырысында назарға ұсынды. Жиынға бизнес өкілдері, салалық одақтар мен кәсіпкерлер қауымдастықтары қатысты.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының Тұжырымдамасындағы мақсат-міндеттер туралы айтып берді. Ол, әсіресе, мемлекеттік қолдауды иеленетін агроөнеркәсіп салаларына, ауылшаруашылық кооперативтері арқылы жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау тетіктеріне ерекше тоқталып, экспорттық саясатты жүзеге асыру мен табиғи өнімдердің қазақстандық брендін насихаттау бойынша қолға алынатын іс-қимылдарды байыптады.
«Бағдарламада көзделген мақсаттарды жүзеге асыруда алдымызда алты міндет тұр: бұл мал шаруашылығының тиімділігін 58%-ға, өсімдік шаруашылығын 48%-ға көтеру, ауқымды ауылшаруашылық кооперациясын дамыту, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерін барынша тиімді әрі қолжетімді мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз ету, 600 мыңнан астам суармалы жерді айналымға енгізу және агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеуді жетілдіру», - деп атап өтті А. Мырзахметов.
Вице-премьердің сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасында егістік алқаптарды әртараптандыру жалғасын табады.
«Бидай алқаптары 2,3 млн гектарға қысқарады. Оған басты себеп, астықтың тым артық өндірілуі. Босаған жерлерге анағұрлым зәрулік сезілетін арпа, сұлы, майлы және өзге де өнімділігі жақсы дақылдар себілетін болады», – деді А. Мырзахметов.
Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов та жұртшылықты жаңа мемлекеттік бағдарлама Тұжырымдамасын талқылауға белсенді қатысуға шақырды.
«Бағдарламаның мақсат-мұратын айқындауда келесі жайттарды басты назарда ұстадық: еліміздің азық-түлік нарығын қамтамасыз ету, мақсатты экспорттық саясат және ауыл халқының табысын арттыру. Бағдарлама Тұжырымдамасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әлеуметтік желідегі ресми парақшада жарияланды. Әркім Тұжырымдама астына өз пікірін қалдыра алады. Барлық пікір ескерілетін болады», – деді Қ. Айтуғанов.
ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев атап өткендей, «Атамекен» Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдама жобасын Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып қызу талқылаудан өткізді.
«Салалық қауымдастықтар мен одақтардан түскен ескертулер мен ұсыныстар мемлекеттік бағдарламаны жасаушы тарапқа жіберілді. Агробизнеспен сындарлы сұхбат құру мақсатында, Facebook әлеуметтік желісінде «Атамекен. Қазақстандағы агросұхбат» тобы ашылды. Кәсіпкерлер барлық қажетті ақпаратты, саll-орталықтың 8-800-080-80-10 нөміріне қоңырау шалып немесе agrodialog@palata.kz электрондық мекенжайына ұсыныстарды жіберу арқылы ала алады. Міне, бүгін де, бірлесе әрі ашық сипатта шаруаларға арналған жаңа құжат Тұжырымдамасын талқылауға жиналып отырмыз. Бұл құжат қандай күйде қабылданса, онда қандай қолдау түрлері көрсетілсе, алдағы бес жылдағы агроөнеркәсіп кешені солай дамитын болады», – деп атап өтті Н. Әлтаев.
Бизнес-қоғамдастық жағы болса, мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың тиімділігін арттыруы және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қомақты үлес қосуы ықтимал бірқатар ұсыныстарды ортаға салды.