YouTube Red видео көріп жатқан кезде шығатын жарнамаларды алып тастап, офлайн көруге мүмкіндік береді.
Келесі аптада, нақтырақ айтсақ, 28 қазаннан бастап әлемдегі ең үлкен видеохостинг YouTube Red атауымен ақылы нұсқаға ауысады. Қолданушылар айына 9,99 АҚШ долларын төлеу арқылы үнемі кедергі болатын жарнамалардан арылып қана қоймай, видеоны офлайн тәртіпте көру үшін сақтай алады. Сонымен қатар, YouTube бетін жиырып, әуен тыңдай беруге де болады.
Жаңа қызметке видеохостингтің мобильді нұсқалары арқылы да тіркеле аласыз. Тек тіркелгендерге ғана эксклюзивті видеоларды тамашалауға мүмкіндік беріледі.
Ал түскен қаржының біршама бөлігі медиаконтенттің авторына бөлінеді. Қолданушы белгілі бір веб-бетте қанша көп уақыт өткізсе, сонша еселенген қаржы оның иесіне беріледі. Одан бөлек, Google инженерлері YouTube Music бағдарламасын да жуырда қолдануға бермек.
YouTube Red қызметіне 28 қазаннан бастап АҚШ азаматтары тіркеле алады. Ал қалған ел азаматтарына мұндай мүмкіндіктің қай уақыттан бастап берілетіні әзірге белгісіз.