Xiaomi компаниясы жаңа Xiaomi Mi Mix 3 смартфоны ұялы байланыстың бесінші буыны 5G-мен жұмыс істейтін тұңғыш құрылғы болмақ. Компания 25 қазанда өтетін презентацияның анонсын жариялап, онда жаңа Xiaomi Mi Mix 3 смартфоны таныстырылатыны белгілі болды. Xiaomi өздерінің жаңа флагманы туралы еш мәлімет бермей, бәрін бұғып келген еді. Алайда презентация жақындаған сайын жаңа гаджеттің мүмкіндіктері белгілі бола бастады. Жаңа смартфонның жедел жады 10 GB. Мұндай сыйымдылық әлемдік флагмандардың ешбірінде жоқ. Одан қалды Mi Mix 3 5G-мен жұмыс істейтін алғашқы смартфон болады. Нарықта 5G-мен істейтін Motorola Moto Z3 смартфоны бар, бірақ оның модулі тек сыртқы аксессуар ретінде ғана қолданылады, яғни смартфонның өзіне орнатылмаған. Мұндай алып-қашпа ақпаратты компания презентация алдында қолданушылар қызығушылығын тудыру үшін істегені белгілі. Десе де, Xiaomi Mi Mix 3 қабілеті көптің назарына лайық. Смартфонның тест режиміндегі софт нұсқасына назар аударсақ, Mi Mix 3 чипсеті Snapdragon 845. Ол 5G ұялы байланыс буынына күші жетпейді, оны көтерсе тек Snapdragon 855 қана көтере алады. Ал Snapdragon 855 тек 2019 жылы шығады. Демек, презентацияда Mi Mix 3-тің 5G-ді қабылдайтын қабілеті тек 2019 жылы іске асады деп хабарлайтынын болжауға болады.