XXI ғасыр пандемиясы: балаларға гаджет ұстату неге қауіпті?

XXI ғасыр пандемиясы: балаларға гаджет ұстату неге қауіпті?
Фото: pixabay.com

Ақпараттық технологиялардың дамуымен балаларда цифрлық аутизм өрши бастаған. Себебі цифрлық немесе виртуалды аутизм түсінігінің өзі шамамен кейінгі 10 жылдан бері пайда болған ұғым. Цифрлық аутизм деген не? Оның алдын қалай алу керек? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді. 

Аутизм деген не?

Ең алдымен аутизм деген не екенін түсіндіре кетсек. Аутизм - ми жұмысының бұзылуына байланысты дамудың ерекше түрі. Яғни баланың миы дұрыс дамымай жатыр деп мына жағдайларда айтамыз: 

Біріншіден, баланың әлеуметтік коммуникациясы мен қарым-қатынасы бұзылады. Екіншіден, баланың қандай да бір мінез-құлқы, қызығушылығы мен әрекеттері қайталана бастайды. 


Фото: elements.envato.com

Цирфлық аутизм - кейінгі 10 жыл шамасында пайда болған 

Бірақ кейінгі кездері классикалық аутизм түрімен қатар цифрлық аутизм түсінігі жиі айтыла бастады. I-balaqai эфирінде қонақ болған балалар неврапатологы Константин Пушкаревтің сөзінше, цифрлық аутизм - бұл әлі толық зерттелмеген ми жұмысының бұзылу түрі. Цифрлық немесе виртуал аутизмның пайда болғанына 10 жылдай болған екен. Яғни ол мультимедиалық құралдар, планшеттер мен ұялы телефондар пайда болғанда өрши бастаған. Балаларда неврологиялық тұрғыда кері даму байқалған. Классикалық аутизм түрі бала туа біткенде пайда болса, цифрлық аутизм бала шамамен 1,5 жасқа келгенде байқала бастайды екен. 

Вируалдық аутизм түсінігін Румыниядағы аутист балалар орталығының координаторы, психолог Мариус Замфир енгізген. Ол 62 баланы екі топқа бөліп, зерттеу жасаған. Зерттеу нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Себебі гаджеттің 4 сағаттан артық қолданатын балалардың дамуы жағынан артта қалған. Олардың сөйлеуі нашарлап, бір қимыл мен сөзді бірнеше рет қайталап, адамның көзіне тік қарамай, жалпы барлық белгі бойынша аутисттерге ұқсаған. Оларға ем ретінде сөйлесу, ата-анамен ойнау және гаджеттен бас тарту керегі айтылған. Осы зерттеу жұмысынан кейін цифрлық аутизм түсінігі - яғни ақпараттық технологиялардың салдарынан бетпе-бет сөйлесу қабілетінің нашарлауы ұғымы пайда болған.  


Фото: elements.envato.com

Белгілі педиатр Ғалия Батыржанқызы бала өмірге келгеннен кейін 2-3 айынан бастап теледидар, гаджет, жалпы айналасындағы жылтыр, сары, қара түстерге өте қатты мән береді.

"Сол кезде көп ата-ана баласын теледидар алдына отырғызып қойып, "менің балам мультфильм көргісі келеді" деп баланы тастап, ары қарай өз шаруасын істеп жүреді. Бала өскен сайын 6-8 теледидарды өте ұзақ, көп қарап отыра береді. Себебі ол жердегі кейіпкерлерді түсінбейді, бірақ сол жердегі түрлі-түстерді қарап отыра береді. Осыдан ата-анада "менің балам кішкентайынан мультфильмді жақсы көреді" деген түсінік қалыптасады. Бала өскен сайын гаджет, теледидарға құмарлығы арта береді", - дейді педиатр.  

Маман баланы кішкентай кезінде емізіп, далаға серуендеп тыныштандыруға болатынын айтады. Ал өскен сайын физикалық және ақыл-ой жұмыстарын істетіп, үй жұмыстарын да істетіп, баланы еңбекке баулу арқылы физикалық тұрғыда бала деніің саулығын нығайта түсу қажет.

"Гаджетті балаға 1-1,5 жасына қарай 10-15 минут қана беруге болады. Бірақ оныңөзін күніне 2-3 рет бөліп, 15 минутты күніне екі-үш рет бөліп беруге болады. Мүмкіндігінше теледидар, гаджеттерді көрсетпеген жөн", - дейді маман. 

Фото: pexels.com

Ғалия Батыржанқызының сөзінше, балаға гаджетке қарағанда теледидар көрсеткен дұрысырақ.

"Балаға гаджет, ұялы телефон және смартфондарды беру үлкен қате. Көп адам бала тынышталуы үшін беріп жатады. Гаджетке қарағанда теледидар көрсеткен дұрысырақ. Себебі теледидарды визуалды түрде көреді. Сонымен қатар, жан-жағында болып жатқан қимылдарды сезеді. Ал гаджетте оны көрмейді, сезбейді. Цифрлық аутизм - XXI ғасырдың пандемиясы. Ал оның алдын алу үшін мультимедиалық құралдарды алып тастаған жөн. Жоғарыда айтып өткенімдей балаға гаджеттерді 1,5-2 жасынан аса берген дұрыс, оның өзіне уақыт шектеуін қойған дұрыс. Себебі бала мультфильдегі кейіпкерлерді көріп, барлық өмір сол екен деп ойлайды. Ал шын мәнінде бала дамуына физикалық тұрғыда еңбектену қажет. Үй жинауға көмектесу, өзінің ойыншықтарымен ойнатып, жинату, ата-анасына көмектесу арқыы еңбекке баулу қажет", - деп түсіндірді педиатр. 

Фото: pixabay.com

Бала үнемі гаджетті пайдаланса денсаулығында қандай кінәраттар пайда болуы мүмкін? 

Педиатрдың сөзінше, ең алдымен баланың сөйлеуінде тежелу байқалады. Бала мультфильмдегідей әрекет ете бастайды, сондағы кейіпкердің әрекеттерін қайталайды.

"Баланы еңбекке, қоршаған ортаға баулымасақ, балада 3 жастан аутизмге ұқсас белгілер пайда болуы мүмкін. Бала қоршаған ортадан жасырына бастайды. Бала өзімен жасты балалармен араласқысы келмейді, адамдармен сөйлесуге тырыспайды, яғни өзге психневрологиялық салдар пайда болады. Ал ол өз кезегінде түрлі аурудың пайда болуына алып келуі мүмкін", - дейді маман. 

Педиатр ата-аналарға кеңес берді

Педиатр баладағы цифрлық аутизмнің салдарын жою не алдын алу үшін кеңестер ұсынды. Ғалия Батыржанқызының сөзінше, баламен ең алдымен туғаннан сөйлесу керек. 

"Шыны керек, ата-аналардың өзі де телефонға тәуелді болып қалған. Балалар да біз үнемі телефон пайдаланатынымызды көреді. Олар біз де мультфильм немесе әлеуметтік желіде отыр деп ойлайды. Бала ойнап, жұмысқа араласып, эмоциясын жеткізе білуі қажет", - деп түсіндірді маман.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина