- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- XVII Еуразиялық Медиа...
XVII Еуразиялық Медиа Форум көрермендерін не күтеді?
2021 жылғы 15 - 17 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан қаласында XVII Еуразиялық Медиа Форум өтеді. Шара аясында көрермендерді шеберлік кластары мен дөңгелек үстелдер күтеді.
Бірінші күні, 15 қыркүйекте дәстүр бойынша шеберлік кластары мен дөңгелек үстелдер өткізіледі, оларды онлайн-трансляциядан көруге болады.
Шеберлік кластары форумның әлеуметтік серіктесі - "Samruk-Kazyna Trust" қорының қолдауымен өтеді, оларда "ҮЕҰ және әлеуметтік сторителлинг үшін бейнематериалдар жасау", "Сыни ойлау неліктен соншалықты маңызды?" "Болашақты қалай басқаруға болады?", "БАҚ аудиториясы – өзара іс-қимыл форматтары", "Digital me: әлеуметтік желілерде отыру әдетінен арылып AI және сингулярлыққа кіруге дейін" және "Әлеуметтік маркетинг" сияқты тақырыптар қаралады.
"Біз коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, журналистер, журналистика факультеттерінің студенттері және басқа мүдделі мамандар форумның шеберлік кластарына онлайн қатысады деп күтеміз. Аталмыш шеберлік кластарының күн тәртібін қазақстандық аудиторияға арнап, олар медиа саласындағы соңғы трендтер жайлы хабардар болуы және заманауи құралдарды жұмыста пайдалана алуы үшін ыңғайлап жасадық", - деп атап өтті "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қорының өкілі Іргебаев Мирас.
Бүгінгі таңдағы ең өзекті тақырыптар 2 дөңгелек үстелде талқыланады.
Тақырыптардың бірі: "Түркі тілдес елдердің бұқаралық ақпараттық құралдары. Жаңа шынайылық жағдайында ынтымақтастықты дамыту". Ұйымдастырушылардың айтуынша, бірлескен медиажобалар құру түркі тілдес елдердің БАҚ-тарының серіктестік форматын айтарлықтай кеңейтер еді. Жаһандық күн тәртібіне арналған жедел жаңалықтарды дайындау кезінде бейне, аудиоматериалдар және мәтіндік ақпарат алмасуға ерекше қызығушылық танытып отыр. Ықтималды ынтымақтастықтың осы және басқа аспектілерін беделді спикерлер: тележүргізуші, Әзербайжан президентінің бұрынғы баспасөз хатшысы Тофик Аббасов, Венгриядан "Дуна" телекомпаниясының директоры Палффи Иштван, Қырғызстаннан "Қабар" ақпараттық агенттігінің директоры Кубанычбек Таабалдиев, өзбек ұлттық телерадиокомпаниясының төрағасы Әлішер Хаджаев және белгілі түрік журналисі және жүргізушісі, NTV шетелдік жаңалықтар бойынша менеджері Ахмет Йешилтепе талқылайтын болады.
Дөңгелек үстелдің екінші жаһандық пікірталасы "Жаңа бетбұрыс: Ауғанстандағы оқиғалардың Орталық Азия аймағына әсері қандай болуы мүмкін?" тақырыбындағы талқылау болады.
Алмагүл Ахметжанова, ЕАМФ Бас директоры: "Бұл дөңгелек үстелді қосуға "Талибан" радикалды қозғалысы Ауғанстанның бүкіл аумағына бақылау орнатқанын жариялаған 15 тамыздағы оқиғалар түрткі болды. Ел тарихының қайтып оралмастай өзгеріске қалай ұшырап жатқанын дүние жүзі демін ішіне тарта бақылап отыр. Біз бұл мәселеден қалыс қалмай, Орталық Азия аймағында орын алып жатқан осы оқиғаларды талқыға салу үшін сарапшылар шақырдық".
Дөңгелек үстелдің спикерлері: Азия зерттеулері институтының директоры Сұлтан Әкімбеков, Өзбекстаннан "Ma’no" Зерттеу бастамалары орталығының директоры Бахтияр Эргашев, АҚШ-тағы Пәкістанның бұрынғы елшісі және Гудзон институтының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша аға ғылыми қызметкері және директоры Хусейн Хаккани, Тәжікстаннан саяси ғылымдар кандидаты Саймидин Мирзоев болады. Дөңгелек үстелдің модераторы - қазақстандық дипломат, тарих ғылымдарыынң кандидаты, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Қайрат Әбусейітов.
Екінші және үшінші күндері ЕАМФ-2021 көрермендерін 8 сессия күтеді:
1. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сессия";
2. "Пандемия әлемді қалай өзгертті және жаһандық өмір сүрудің жаңа бағыттарын қалай анықтады?!";
3. "Ақпарат көп – шындық аз";
4. "Жасыл стратегия. Тағы бір соңғы мүмкіндік".
5. "Ашушаңдық дәуірі. Әлемді билеп тұрған кім?";
6. "Медиа және технологиялар. 2021 трендтері";
7. "Еңбек нарығының болашағы және білім";
8. "Орындалған келешек әлемі".
Панельдік сессиялардың спикерлері: ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі Бесінші Өкілі Тереза Рибейру, режиссер және продюсер Тимур Бекмамбетов, тележүргізуші және журналист Ксения Собчак, ғалым, философ, футуролог, бестселлерлердің авторы, "виртуалды шынайылық" терминінің авторы Джарон Ланье, Google-дің машиналық оқыту бойынша 17 жасар сарапшысы, IBM бойынша кеңесші инженер –программист Танмай Бакши, Кремний алқабындағы цифрлық революция саласының сарапшысы Эндрю Кин, журналист және "подкаст" терминін ойлап табушы Бен Хаммерсли, адам тәріздес роботтар құрастырушы Хироси Исигуро, адам тәріздес роботтар құрастырушы Евгений Черешнев, Netflix-тегі көптеген марапаттаулар жинаған "A Plastic Ocean" деректі фильмінің авторы Джо Ракстон, эпидемиолог, инфекциялық аурулардың таралуын бақылау және алдын алу саласының сарапшысы Михаил Фаворов, сонымен қатар Euronews, Bloomberg, Mash, EUObserver өкілдері және басқалар.
eamedia.org сайтында қатысушыларды тіркеу ашылды, тіркеу трансляция, спикерлер және сессиялар туралы ақпарат алу мүмкіндігін береді. Трансляцияны көруге сілтеме тіркелген қатысушыларға іс-шара қарсаңында жіберілетін болады.
Н. Үсенова