- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Wildberries-тегі қақтығыс:...
Wildberries-тегі қақтығыс: Бакальчуктың байлығы екі есеге қысқарды
Forbes мәліметі бойынша, Татьяна Бакальчуктың байлығы шамамен екі есеге қысқарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның байлығы $7,9 млрд-тан $4,1 млрд-қа дейін төмендеді. Құлдырауды Wildberries компаниясының Russ Outdoor жарнама операторының 35% акциясын беруімен байланысты дейді басылым. Forbes мәліметінше, акциялардың құны шамамен $3,4 млрд. Өзгеріске рубль бағамының құлдырауының да ықпалы жоқ емес. Акциялардың қысқаруына қарамастан, Татьяна Бакальчук әлі де Ресейдің ең бай әйелдерінің тізімінде тұр.
Қақтығыстың себебі
18 қыркүйекте Мәскеудегі Wildberries кеңсесінде қарулы қақтығыс орын алды. Қақтығыс кезінде Владислав Бакальчук (Татьянаның экс-күйеуі) пен оның күзетшілері кеңсеге заңсыз кірмек болған. Оларды ғимаратқа кіргізуден бас тартқан соң, оқ атылған. Оқиға орнында екі күзетші қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды.
Соңғы дерек
Соңғы мәліметтер бойыншаоқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп, 30-ға жуық адам ұсталды. Владислав Бакальчук бұл қақтығысты "нағыз қырғын" деп сипаттап, тек бизнес мәселелерін талқылауға келгенін мәлімдеді. Ал Wildberries басшылығы бұл әрекетті "рейдерлік шабуыл" деп отыр.
Татьяна Бакальчук болған оқиғаны Владислав Бакальчук, Сергей Ануфриев және Владимир Бакиннің Мәскеудегі Wildberries кеңселерін "басып алуға" сәтсіз талпынысы деп атады. Wildberries баспасөз қызметі Владислав Бакальчук күзетімен ғимаратқа заңсыз кіруге тырысты деп хабар таратқан.
© forbes.ru
Владислав Бакальчук кеңсеге әріптестерімен бірге "ВБ Девелопмент" компаниясының иелігіндегі қоймаларды салуды тоқтату мәселесі бойынша келіссөздер жүргізуге келгенін мәлімдеді (ресми мәліметтерге сәйкес, бұл компаниядағы үлесі 100% оған тиесілі). Ол өзінің адамдарында қару болмағанын айтып, қарулы қақтығыстың жауапкершілігін РВБ компаниясының басшылығына артып отыр.
Wildberries пен Russ Outdoor
Татьянаға Wildberries компаниясының 99%-ы тиесілі. 2024 жылдың тамыз айында Wildberries пен Russ Outdoor бірігіп, жаңа кәсіпорын — РВБ құрылды. Онда Wildberries акцияның 65% үлеске ие болса, Русс Аутдор 35%-ын алды. Олардың бірігуінен кейін де компания активтерін шетелдік бақылауға беретіндігі туралы сыбыстар шыққан. Бірақ Татьяна Бакальчук мұны жоққа шығарып, жағдайды "ажырасумен" байланыстырды.
Рамзан Қадыровпен кездесу
24 шілдеде Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Wildberries негізін қалаушылардың бірі Владислав Бакальчукпен кездесті.
Кейін ол Wildberries компаниясында "ашық және арсыз рейдерлік басып алудың" жүріп жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, шілде айынан бастап Wildberries активтері заңды манипуляциялар арқылы тез арада Russ Outdoor компаниясы арқылы бөтен қолдарға өтіп жатқанын айтты. Алайда Татьяна Бакальчук бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Мұғалімнен бизнес вуменге дейін
Татьяна Бакальчук Wildberries онлайн-дүкенін күйеуімен бірге 2004 жылы құрды. Ол бастапқыда үйде отырып, бала күтімі демалысында жүргенде ағылшын тілінен репетиторлықпен айналысқан. Бес баланың анасы. Wildberries жобасы алғашында Еуропадан киім сатып алуға бағытталған болатын, кейіннен ол Ресейдегі ең ірі интернет-дүкендердің біріне айналды.
Фото:Global Look Press
Wildberries — Ресей мен ТМД елдеріндегі ең үлкен интернет-дүкендердің бірі. Компания киім-кешек, электроника, тұрмыстық заттар және басқа да санаттардағы тауарларды сатады. Бакальчук бұл компанияны өз күшімен нөлден бастап құрған және қазір Wildberries ТМД-да танымал дүкендердің бірі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Бақдаулет