WhatsApp мессенджері өз сервисінің web-нұсқасын іске қосты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Мессенджердің web-нұсқасын іске қосу үшін мобиль қолданбаны жаңартып, компьютерде Google Chrome браузерін пайдалану керек. Компьютерге арналған нұсқа әзірше басқа браузерлерде қолдануға келмейді. Web-нұсқаның браузердегі жұмысы Android, Windows Phone, BlackBerry OS және Nokia S60 гаджеттері қолданушылары үшін қолжетімді. WhatsApp мессенджерінің жаңа нұсқасы әзірше iOS базасына арналып шығарылған жоқ.
Жаңа нұсқаны компьютерде іске қосу үшін қолданбаны жаңартқан кезде WhatsApp Web пункті шығады, сол арқылы QR-кодтардың қолданбаға кіріктірілген сканерін қосуға болады. Сөйтіп, ұялы телефондағы және компьютердегі қолданбаңыз арасында байланыс орнап, қарым-қатынас жасаушы тұлғаларыңыз қолжетімді боп шыға келеді. Еске сала кетейік, бұған дейін The Independent басылымы 600 миллион қолданушысы бар WhatsApp-тың мессенджерлер арасында көш бастайтынын хабарлаған еді. Одан кейінгі орындарда - Line, WeChat және Viber.
сурет: appspot.com