WhatsApp мессенджеріндегі жаңа функция алаяқтарды анықтауға көмектеседі

WhatsApp-та пайдаланушыларға әңгіме басталмай тұрып-ақ күдікті аккаунттарды анықтауға көмектесетін қосымша қауіпсіздік функциясы пайда болды, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Жаңа функция қалай жұмыс істейді?

Бейтаныс адамнан хабарлама келген кезде WhatsApp сұхбаттасушы туралы қосымша мәлімет көрсетуі мүмкін. Пайдаланушы оның телефон нөмірі қай елде тіркелгенін және ортақ топтардың бар-жоғын көре алады.

Бұл ақпарат сөйлесуді жалғастыру, адамды контактілер тізіміне қосу, бұғаттау немесе аккаунтқа шағым түсіру жөнінде шешім қабылдауға көмектеседі.

Мұндай мәлімет контактілер тізімінде жоқ адамға пайдаланушының өзі алғаш рет хабарлама жіберген жағдайда да көрсетілуі мүмкін.

Маңызды: сұхбаттасушының нөмірі тіркелген ел мен ортақ топтар туралы ақпарат оның кім екенін нақты растамайды. Сондықтан бейтаныс аккаунттардан келген хабарламаларға жауап бергенде сақ болған жөн.

WhatsApp-та тағы қандай қауіпсіздік баптаулары бар?

Мессенджерде жеке мәліметтердің көрінуін шектеуге мүмкіндік беретін бірнеше қауіпсіздік баптауы қарастырылған:

1
Профильдегі фотосуретті кімдер көре алатынын таңдауға болады;
2
Мессенджерге соңғы рет қашан кіргеніңізді кімдер көретінін белгілеуге болады;
3
«Желіде» мәртебесінің кімдерге көрінетінін реттеуге болады;
4
Сізді WhatsApp топтарына кімдер қоса алатынын таңдауға болады.

Сонымен қатар пайдаланушылар хабарламалардың оқылғаны туралы есепті өшіре алады. Егер сұхбаттасушы күмән тудырса, оның аккаунтын бұғаттауға немесе үстінен шағым түсіруге мүмкіндік бар.

– WhatsApp өкілдері хат алмасу кезінде жеке ақпаратты бөліскенде мұқият болуға кеңес береді. Хабарламаны алушы жіберілген мәтінді, фотосуреттер мен бейнелерді сақтап, кейін оларды басқа адамдарға тарата алады.