Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) орта салмақта әлем чемпионы Деметриус Андрадені (31-0, 19 КО) белбеуін Жәнібек Әлімханұлымен (12-0, 8 КО) жекпе-жекте қорғауға міндеттеді, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Боксшылардың командаларына жекпе-жекті ұйымдастыруға келісу үшін 30 күн уақыт берілді. Егер тараптар келісімге келе алмаса, онда кемі 200 000 доллар межесінен бастап промоутерлік сауда белгіленеді.
Еске салайық, Әлімханұлы - WBO ұйымының уақытша чемпионы. Бұл белбеуді Жәнібек ұлыбританиялық Дэнни Дигнуммен (14-1-1, 8 КО) айқаста жеңіп алған.