- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Volkswagen мен BMW...
Volkswagen мен BMW қызметкерлері ереуілге шықты
Германияның бірнеше қаласында сейсенбіге қараған түні IG Metall кәсіподағы ұйымдастырған металлургия және электротехника қызметкерлерінің ереуілдері басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ереуілге Volkswagen (VW) және BMW автоөндіруші компанияларының қызметкерлері де қосылды. Бұл туралы Bild жазды.
Басылымның жазуынша, Volkswagen-нің 250-ге жуық қызметкері төменгі Саксониядағы Оснабрюкте ереуілге шықты, ол жерде жабылу қаупі бар VW зауыты орналасқан.
Бавариялық Регенсбургте ереуілшілер BMW зауытының алдында өз талаптары бар плакаттарды орналастырды. Наразылық білдірушілер жақын маңдағы Ингольштадттағы Audi зауытында да солай істеуді жоспарлап отыр деп атап өтті Bild.
Сондай-ақ аккумулятор шығаратын Clarios компаниясының 200-ге жуық қызметкері төменгі Саксониядағы Ганновер көшелеріне алау мен кәсіподақ жалауларымен шыққан. Сол аймақта Хильдесхайм қаласында Jensen GmbH, KSM Castings Group, Robert Bosch, Waggonbau Graaff және ZF CV Systems Hannover компанияларының 400-ге жуық қызметкері жұмысын тоқтатты.
Volkswagen 87 жылда алғаш рет кей зауыттарды жабу жоспары бар екенін мәлімдеді
Қыркүйек айында Bloomberg және Süddeutsche Zeitung Volkswagen-нің 87 жылдық тарихында алғаш рет Германиядағы зауыттарды жабу туралы жоспарлары туралы хабарлады. Басылымдардың жазуынша, автоконцерн кем дегенде бір ірі автомобиль зауытын және құрамдас бөліктерді шығаратын бір өндірісті жабуды жоспарлаған. Автомобиль өнеркәсібі - Германия экономикасы үшін маңызды салалардың бірі.
Volkswagen концерні 30 жыл бұрын кәсіподақтармен өндірістік себептермен қызметкерлерді жұмыстан шығармауға келіскен болатын, жақында бұл келісім 2029 жылға дейін деп тағы да жаңартылды, бірақ қазір олар тұтыну шығындарының баяулауына және электромобильдерге ауысуына байланысты үнемдеу мақсатында бұл келісімнен бас тартуы мүмкін.
"Еуропалық автомобиль өнеркәсібі өте қиын және ауыр жағдайда. Экономикалық орта одан әрі қатал болып, Еуропаға жаңа ойыншылар келіп жатыр. Германия бизнес орны ретінде бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан артта қалды", - деді бас директор Оливер Блуме.
Volkswagen Германиядағы кем дегенде үш зауытты жабуды жоспарлап отырғанын хабарлады
Дүйсенбі, 28 қазан күні автокөлік концернінің өндірістік кеңесінің төрағасы Даниэла Кавальо Вольфсбургтегі компания қызметкерлерінің алдында сөйлеген сөзінде Volkswagen Германиядағы кем дегенде үш зауытты жабуды жоспарлап отырғанын айтты.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, компания жалақыны 10%-ға қысқартуды жоспарлап отырғанын және алдағы екі жылда оны көтеру қарастырылмайтынын айтты. Қызметкерлердің ешқайсысы қазір қауіпсіздікте емес дейді Карвальо. Ол компанияның әрекеттерін "өз еліндегі жаппай сатылым" деп атады.
Volkswagen Германияда 10 зауытты басқарады. Компания арзан қытай машиналарының бәсекелестігінің артуына тап болды.
Германия канцлері Volkswagen зауыттарының жабылуын басшылықтың қателігімен байланыстырды
Германия канцлері Олаф Шольц неміс автомобиль өндірушісінің дағдарысын компания басшылығының қате шешімдерімен байланыстырды. Бұл жайлы ел үкіметінің ресми өкілі Вольфганг Бухнер айтты.
"Өткеннің қате басқару шешімдері қызметкерлерге зиян тигізбеуі керек", - деп атап өтті ол.
Бухнердің айтуынша, канцлер жұмыс орындарын сақтауға шақырады.
Германияда концерннің он кәсіпорны орналасқан, онда 120 мыңға жуық адам жұмыс істейді, олардың жартысы Вольфсбургте (төменгі Саксония жері) деп атап өтті Tagesschau.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жапатова