Мұхамедқали Тауан UNI-Q Group медиахолдингінің бас атқарушы директоры болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
UNI-Q Group медиахолдингі 2025 жылдағы қызметін қорытындылады. Акционерлердің жалпы жиналысы атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне оң баға беріп, медиахолдингті нығайтуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған бірқатар басқарушылық шешім қабылдады.
Акционерлердің шешімімен бас атқарушы директор лауазымына Мұхамедқали Тауан тағайындалды. Оның халықаралық ынтымақтастық пен корпоративтік басқару салаларында ауқымды бастамаларды іске асыруда мол тәжірибесі бар. Бұған дейін Dara Президенттік бастамалар қорында, "Астана" халықаралық қаржы орталығында (АХҚО), Ұлттық банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясында, сондай-ақ, жекеменшік құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған. АХҚО-да жұмыс барысында креатив индустрияны дамыту мәселелері бойынша заңнамалық актілерді әзірлеуге атсалысқан.
"Акционерлердің жалпы жиналысында Мұхамедқали Тауанның негізгі міндеттері ретінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту, жаңа инвесторларды тарту, сондай-ақ, креатив индустрия саласындағы заңнаманы дамытуға жәрдемдесу мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдармен жүйелі өзара іс-қимыл орнату айқындалды", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, Мұхамедқали Тауанға Dara Президенттік бастамалар қорында жұмыс істеген кезеңінде өзі бастаған жобаларды, атап айтқанда, түрік-америкалық Karga Seven Pictures киностудиясымен бірлесіп түсірілген "Алтын империя" деректі-драмалық сериалын аяқтау тапсырылды.
Мұхамедқали Тауанға қойылған міндеттерді ескере отырып, топтың кеңсесін Астанада ашу туралы шешім қабылданды, ал медиахолдингтің шығармашылық және техникалық бағыттары Алматы қаласында жұмысын жалғастырады. Дмитрий Гудумак холдингтің стратегиялық бағыты мен бизнесті дамытуға жауапты co-CEO ретінде қызметін жалғастырады, ал Анар Жүнісова Unico Studio-ның басшысы және Unico Play-дің бас продюсері қызметін атқарады.
Айта кетейік, UNI-Q Group медиахолдингі 2024 жылы жұмысын бастады. Холдингтің алғашқы инвесторларының бірі қазақстандық кәсіпкер Тимур Турлов болған еді. Медиахолдинг құрылымына Unico Studio-дан бөлек, Unico Play онлайн кинотеатры, Unico Dubbing AI-дубляж және субтитрлер өндіру студиясы, Unico Rights халықаралық дистрибуция жүйесі, AINA интернетпродакшн және қазақ тіліндегі ойын-сауық медиасы, сондай-ақ, жас креаторларды дамытуға арналған Unico Play Lab кеңістігі кіреді.
Білім беру бастамалары аясында 10 жас режиссер оқудан өтіп, алғашқы қысқаметражды фильмдерінің түсірілімін аяқтау сатысында. 2025 жылғы 12 қыркүйекте іске қосылған сәттен бастап Unico Play онлайн кинотеатры 500 мыңнан аса бірегей көрерменді қамтыды, ал MAU (Monthly Active Users) көрсеткіші 1,3 миллионнан асты. Қазақ тіліне 9 мың сағаттан аса контент бейімделді. Зияткерлік меншікті қорғау шеңберінде пираттық сайттарды бұғаттау және контенттің заңсыз таралуын шектеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Медиахолдинг алдында еліміздің негізгі тарихи оқиғалары мен тұлғаларына арналған киножобаларды, сондай-ақ, балалар мен кең аудиторияға бағытталған қазақ тіліндегі контентті дамыту міндеті тұр.