Жапониялық көлік өндіруші компания Санкт-Петербургтегі зауытын жабу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы бірнеше ресейлік БАҚ-та, "Осторожно, новости" Telegram-арнасында жазылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұқаралық ақпарат құралдары мәліметінше, бұл туралы арнайы жиында қызметкерлерге хабарланған.
"Біздің ақпаратымыз бойынша, оларға бұл шешім Ресей Федерациясында қалыптасқан жағдайға байланысты қабылданғаны айтылған. Зауыт басқа брендпен жұмыс істей алмайды, сондықтан жабылады", - деп жазылған Telegram-да.
Жұмыстан шығар алдында қызметкерлерге 12 айлық жалақы төленетіні айтылған. Зауыт жұмысшыларының жиналыстары таңғы 9-дан бастап шағын топтарда өткен. Келесі аптадан бастап оларға келісім жіберілетіні айтылған. Көктемнен бастап зауыт тоқтап тұр, жұмысшыларға жалақысының үштен екісі төленген. Қазір басшылық "жұмыс берушінің кінәсінен бос уақытты жариялау туралы" бұйрықтың орындалуын тоқтата тұру туралы құжат берген.
Сондай-ақ, ақпаратта кәсіпорын жақында жабылатынын растайтын құжаттар болған.
Айта кетейік, Санкт-Петербургтегі Toyota зауыты 2007 жылы ашылған. Кәсіпорында Camry және RAV4 модельдерін өндірудің толық циклі ұйымдастырылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!