Toll Tax: Ақылы жолдар қазақстандықтардың құқығын бұза ма?

Toll Tax: Ақылы жолдар қазақстандықтардың құқығын бұза ма?
Фото: © carhack.ru

Бүгінде әлемде 23 миллион шақырымнан астам жол болса, оның 140 мың шақырымы ақылы. Қазақстанда мұндай жолдар желісін құру процесі тек алғашқы сатыда, алайда бұл мәселеге қатысты қоғамдық пікір қазірдің өзінде екіге бөлінген. Мұндай автомобиль жолдарының құрылу тарихын және шетелде пайдалану тәжірибесін білмейінше, біздің еліміздегі ақылы жолдардың рөлі мен маңызын дұрыс бағалау мүмкін емес.

Оған қарсы адамдар қалтасының қамын ойласа, ұққан адамға бұл қауіпсіздік, яғни, керісінше қорғау. Себебі бұл принципте қауіпсіздік мәселесі алдыңғы орынға шығады.

Тарихқа көз салсақ, кейінгі 2700 жыл бойы ақылы жолдар тенденциясы енгізіліп келеді. Мысалы біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда-ақ Ашурбанипал режимі кезінде болған. Десе де бұл жүйе сол кезден бері қарапайым халыққа ұнаған емес. 

Ақылы жолдар мынадай себептерге байланысты тиімсіз деп сынға алынып келеді:

  • Жүріп келе жатқан көлікті жолынан қалдырып, жылдамдығын төмендетуді және тоқтауды талап етеді (жол ақысын төлеу үшін); көлік пайдаланушының шығындарын арттырады.
  • Жол ақысын алудың өзіне кететін шығын кірістің үштен бір бөлігін алады, сондай-ақ төленген ақша түгел қазына кетпей, белгілі бір бөлігінің оны жинаушы адамның қалтасында қалу ықтималдығы да жоғары.
  • Ақылы жолдар салдарынан ақысыз жолдарда кептеліс артады, ақы алу есебінен қозғалысты бұру жол жүйесінің аталған мәселесін арттырады және оның пайдасын азайтады.
  • Төлемді электронды түрде алу жағдайында көліктің орналасқан жерін қадағалаудың бір түрі ретінде жүргізушілер қозғалысының еркіндігін шектеп, шамадан тыс бақылауда ұстау секілді көрінеді.
  • Ақылы жолдар - салық салудың бір түрі; яғни кәдімгі жолды қаржыландыру салықтарымен салыстырғанда олар кедейлерге қарағанда ауқатты азаматтарға көбірек пайда әкеледі.
  • Егер ақылы жолдар жеке меншікте болса, азаматтар мемлекетті қаржыландырмайды. Демек ақшасы басқаның қалтасын қампитуға кетеді, өйткені ақылы жүйенің иелері/операторлары, жолдардан пайда табуға ұмтылады.
  • Басқарушы ұйымдар, мейлі мемлекеттік болсын, мейлі жеке болсын, бағаларды белгілеу кезінде жалпы әлеуметтік шығындарды, әсіресе кедейлер үшін тиімсіз есептеп, қоғамның ең мұқтаж топтарына зиян келтіруі мүмкін.
  • Жұмысқа барған кезде ақылы жолды пайдалануы керек адамдар жыл сайын айтарлықтай көп шығынға ұшырауы мүмкін.

Бұл көп жағдайда біздің ел секілді аталған жоба әлі қалыптаса қоймаған немесе талаптарға сай келмейтін өңірлерде белең алады. Ал, АҚШ секілді Toll Tax XIX ғасырдың екінші жартысынан бері жүзеге асырылып келе жатқан жерде мұндай мәселе жоқ. Осы орайда аталған елге көшкен эмигранттан сұрап көрдік.

Ербол Молдажан, автокөлік жүргізушісі: "Мұндай жүйе әбден дамыған АҚШ-та ақылы жолдардың қары бірінші тазаланады. Мысалы, тым көп мөлшерде қар жауған кезде жүргізушілер ақылы жолмен өтуге тырысады, себебі сервис жоғарғы деңгейде көрсетіледі. Тегін жолдар екінші орынға қалады. Демек бұл жерде, ең алдымен, қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Тағы бір айтуға тұрарлық тұсы – трафиктің аз болуы".

Біз әңгімелеп отырған мәселеге қатысты адвокат Айдын Нұрмұхамбет: "Иә, ақылы жолдар қазақстандықтардың құқығын бұзады деп ойлаймын. Өйткені ақылы жол болғаннан кейін, яғни, шет мемлекеттен алынған үлгі ретінде ол жерде тегін жол да болуы тиіс. Тегін жолдың өзі дұрыс, ал ақылы жол одан да асып түсуі тиіс. Ал қазақстандықтарда таңдау жоқ, тек бір ақылы жол, сол себепті де бұл құқық бұзады", - дейді.

Қызық дерек

Аустралиялық Budget Direct сақтандыру компаниясы әлемдегі ең қымбат ақылы жолдардың рейтингін жариялағанда бірінші орынға АҚШ-тағы 580 шақырымдық Пенсильвания магистралі шыққан еді (I-76, Interstate 76).

Пенсильвания тасжолында жол жүру ақысы 112,91 доллар екені аталып өткен. Магистральдың ұзындығы - 580 шақырым. Ол елдің солтүстік-шығысындағы Пенсильвания штатын кесіп өтеді.

Ең қымбат ақылы жолдар тізімінде екінші орынды Аустрияның Гроссглокнер биік таулы жолы алады. Ондағы жол жүру ақысы $45 тұрады.

Әлем елдері арасында ақылы жолдардағы орташа тарифтер тізімін Швейцария бастап тұр – 26,5 доллар. Екінші орында Аустрия - 16,29 доллар, одан кейінгі орында Фарер аралдары – 16,28 доллар.

Еске салайық, Қазақстанда осыдан бірнеше жыл бұрын республикалық маңызы бар жолдарда ақылы жүйе енгізілген болатын. Мұндай төрт жол автоматты режимде жұмыс істейді. Бұл жүйе тағы бес тасжолда сынақтан өтуде. 2021 жылдың соңына дейін Қазақстанда тағы 18 бағыт ақылы болады.

Бұл жерде ешқандай сұрақ туындамас үшін елде айналма жолдар болуы керек. шенеуніктер: "Бүкіл өркениетті әлемде ақылы жолдар бар" деп ақталса, сол өркениетті әлемдегідей альтернатива ұсынуы керек.

Мысалы, Қытайда ақылы көлік жолдарымен қатар қарапайым тасжолдар салынады. Біріншісі әлдеқайда ыңғайлы, қауіпсіз және жылдамырақ болғанымен, әлеуметтік теңдікті сақтау үшін халықтың барлық топтарына лайықты балама жасайды.

Ал Германияда олардың атақты автобандарымен қатар қалааралық маршруттардың желісі бар. Кей елдердің билігі баламаның жоқтығынан ақылы жолдардан бас тартты.

Бізге келетін болсақ, біздің ұлан-ғайыр Отанымыздың кең-байтақ жеріне ақылы жол саламын, тегін жол саламын десе де орын табылады.

А. Оралқызы