Tinder-дегі “Нұрай“ Астана тұрғынын 4 млн теңгеге сан соқтырған

Астанада интернет арқылы алаяқтық жасаған 20 жастағы тұрғынға сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Ол танысуға арналған Tinder қосымшасына әйел адамның атымен, яғни "Нұрай" деп тіркеліп, Telegram парақшасына сілтеме қалдырған. Telegram-да бейтаныс қыздың суретін қойып, жалған парақша ашқан.

"Кейін жәбірленушімен тілдесіп, кездесуге уәде беріп, әртүрлі сылтаумен одан ақша сұрай бастаған. Қаскөйдің арам пиғылынан бейхабар жәбірленуші үш айға жетпейтін уақыт ішінде 4 млн теңгеден аса ақша аударған", - деп жазылған Астана прокуратурасы хабарламасында.

Сот үкімі

Сот қала тұрғынын ірі көлемде жасалған алаяқтық үшін кінәлі деп таныды. Сот үкімімен оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!