- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Time Group алдап...
"Time Group алдап соқты". Алматыда қыста тұруға жарамсыз деп танылған су жаңа үйдің иелері наразылық білдірді
Ипотекамен үй алған алматылық тұрғындар редакциямызға шағым түсірді. Time Group құрылыс компаниясы салған баспананың кемшіліктерін тұрғындар жіпке тізді. Алғашында "комфорт класс" санатында делінген үйлердің сапасы "экономның" деңгейіне де жетпейді екен. Қабырғалары қисық, терезелері сапасыз, баспалдағы тар үйлерде тұрғындардың тұрғысы жоқ. Үйді сатып аларда компания өкілдері жаныңызда мектеп болады, артыңызда балабақша салынады деп те уәде берген көрінеді. Сорақысы сол, үй алғандардың 80 пайызы мемлекеттік бағдарламамен, 1 бөлмелі пәтерді кемі 17 миллион теңгеге сатып алған. Тұрғындардың талабын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.
Фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов
Марат Жақсылықұлы ауылдағы үйді сатып, отбасымен Алматыға көшіп келгендердің бірі. 50\50 мемлекеттік бағдарламасымен үй алсам деп жүріп Time Group құрылыс компаниясына тап келген. Келісімшартта мінсіз болған жобаның құрылысы сиырқұйымшақтанып кетеді деп ойламапты. Мына үйдің кілті қолына тимегендіктен әлі пәтерде тұратын ол "пәтер мен кредитті қатар төлеу қалтаға ауыртпалық салады" дейді.
"Былтыр тамыз айында "София" тұрғын үй кешенінен 50\50 мемлекеттік бағдарламасымен 26 миллион теңгеге 2 бөлмелі пәтер алдым. 10 жылға ипотекаға алдым. Айына 252 мың теңге ипотека төлеймін, оған қоса 100 мыңға пәтер жалдап тұрамын. Бұл үйге көшпесем, қыста амалдау қиын болайын деп тұр. Алайда баспанамыз әлі де орталықтандырылған жылу, электр, кәріз жүйесіне қосылмаған. Бөлмелерде ақаулар тым көп. Терезелер сапасыз", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Марат Жақсылықұлы.
Фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов
"София" тұрғын үй кешені осыдан 3 ай бұрын пайдалануға берілген. Ешқандай инфрақұрылым жүйесі орталықтандырылмаған. Алғашында 6 қабатты болады деген тұрғын үйге құрылыс компаниясы ауадан тағы бір қабат қосып жіберіпті. Қабырғалардың қисықтығы 5-6 см жетеді.
Фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов
"Бізге үйді сатып аларда комфорт класстағы баспана болады деген. Жоғарғы қабатқа көтерілетін баспалдақтардың ені тым тар. Қоршауының арасынан балалардың басы сыйып кетеді. 7-қабатта тұрған соң қатты алаңдаймын. Кірген кезде еденге ламинат төсеуге дайын болады деген. Қабырғаларды қаптамағандықтан үйдің аумағы 92 шаршы метр болып тұр. Ал жоспарда 85 шаршы метр болады деп көрсетілген. Біз артық ақша төлеп жатырмыз", - дейді Карина Жилькина.
Фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов
Ағайын ақшасын 2021-2022 жылдан бері сала бастаған. Ал құрылысы 2022 жылдың маусым айында аяқталуы тиіс еді.
"Үйді үлескер болып алғанмын. Тұрғындардың 80 пайызы ипотекаға алған. Бізге ипотекалық бағдарлама біткен кезде 50 пайызын төлеуді міндеттеді. Ақшаның барлығын төлеп біттік. Алайда көпқабатты ғимараттың ақауы көп. Құрылысшылардың жіберген қателігін жөндеудің өзіне өз қалтамыздан 500-600 мың теңге кетті. Прокуратураға арыз жазатын боламыз. Келісім бойынша комфорт класс болады деп алдады. Алатау ауданы әкімдігі ештеңе істей алмай отыр", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Ержан Ақылбек.
Фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов. Бір есіктің екі жағы.
Ал жоба жетекшісі Халид Турунов есімді азамат "София" тұрғын үй кешеніндегі қателіктерді қалпына келтіріп жатырмыз" дейді. 3 айда қоспаған инфрақұрылымды 3 күнде тартып береміз деп сендірді.
"Менің келгеніме 2 апта ғана болды. Тұрғындармын үнемі байланыстамыз. Олардың айтқан әрбір шағымын ескеріп, бұған дейін болған ақауларды барынша түзеп жатырмыз. Ал құжат бойынша комфорт класс болғаны, құрылыс материалдарының өзгергені жайлы ештеңе дей алмаймын. Менің құзіретіме кірмейді. Мен тек құрылысқа жауап беремін. Алдағы 2-3 күнде жылу жүйесі, ыстық су мен суық суды қосатын боламыз", - дейді жоба жетекшісі Халид Турунов
Фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов
Ал әкімдік өкілдері бұл баспана қысқа жарамсыз деп қысқа қайырды. Жоба жетекшісіне тұрғындардың тұрғын үйге көшуіне шектеу қоюды тапсырғанын айтты.
Фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов. Әкімдік өкілдері.
"Әзірге бұл үйде 7-8 отбасы ғана тұрып жатыр. Біз тұрғындардың көшіп келуіне әкімшілік тарапынан қарсымыз. Өйткені бұл көпқабатты тұрғын үйлер қыс мезгіліне дайын емес. 2022 жылы маусым айында берілуі керек болған. Құрылысы кешіктіріліп жатыр. Құзырлы органдардың бәрі біледі. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мамандары құрылыс компаниясына қатысты тексеру жұмыстары басталды", - деді Алатау ауданы Коммуналдық шаруашылық бөлім басшысы Қуатбек Макашев.
Фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов
Әкімдік өкіліне "көшпеңдер" деп айту оңай шығар. Алайда ағайынның алды 3 айдан бері ипотека төлеп жатыр. Баспанаға енді қолы жеткенде ел жағалап, пәтер жалдауға құлқы да, шамасы да жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов