Қазақстандықтар арасында TikTok желісіндегі видеоларды көріп, күн сайын 20-50 мың теңгеге дейін ақша табуға болатыны туралы хабарламалар тарап жатыр. Бұл өтірік, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, таралған ақпарат TikTok-тың жеке жалдау менеджері атынан жазылған. Алайда бұл - әлем бойынша кеңселері бар, жаппай ақпарат тарату арқылы адамдарды жұмысқа қабылдамайтын ірі компания. Компанияның барлық бос жұмыс орны туралы ақпарат LinkedIn желісіндегі парақшада жарияланған. Олардың ішінде видеоларды көрумен ғана айналысатын вакансия жоқ.
TikTok-тың ресми сайтында Желіде өз парақшасынан кім және қалай ақша таба алатыны туралы толық ақпарат ұсынылған. Қызық роликтерді көрген адамдар контент жасаушыға сыйлық беретін болса ғана оның авторлары ақша ала алады. Жай ғана видео көретіндерге бұл төлем жасалмайды.
Видеоны көргені үшін ақшалай сыйақы берілетіні туралы алаяқтық әрекеттер бұрыннан жасалып келеді. Әдетте олар былай әрекет етеді: қолданушылар тіркеледі, содан кейін видеоларды көреді немесе басқа бір қарапайым әрекеттерді орындайды, содан соң олардың шотында қомақты ақша жиналғаны туралы хабарлама келіп түседі. Оны алу үшін алдымен комиссия төлеп, банк картасының мәліметтерін енгізу керек. Осылайша, алаяқтар қолданушылардың банк шоттарын біліп алады.
Демек, бұл хабарламаға сенудің қажеті жоқ. Бұл - интернеттегі алаяқтықтың тағы бір түрі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!