Шымкентте TikTok пен YouTube арқылы "Тринька" атты заңсыз құмар ойын ұйымдастырғандар ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) Шымкент қаласы бойынша департаменті заңсыз онлайн-ойын бизнесінің жолын кесті. Күдіктілер екі жыл бойы TikTok және YouTube-тағы тікелей эфирлерде TauBrat парақшасы арқылы "Тринька" ойынын жүргізген. Қылмыстық табысты заңдастыру үшін олар "дроптарды" пайдаланып, ақша қолма-қол шешіп алу мақсатында банк карталарды бөгде адамдардың атына рәсімдеген.
Тергеу дерегінше, жалпы қылмыстық табыс 93 млн теңгеден асқан. Бұл қаражатқа күдіктілер Hyundai Sonata көлігін және жер телімі бар тұрғын үй сатып алған. Сот санкциясымен мүлік бұғатталды. Екі күдікті 2 айға қамауға алынды.
Анықтама: "Тринька" - TikTok пен YouTube-тағы заңсыз эфирлерде қолданылатын құмар ойын; қатысушылар нақты ақшаға бәстеседі, ұйымдастырушылар комиссия ретінде үлес алады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!