Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2019 жылдан бастап заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректері бойынша өндірісте 1 148 іс болды, оның ішінде 849 адамға қатысты 940 іс аяқталды.
Қабылданған алдын алу шараларының нәтижесінде кейінгі 5 жылда тіркелген істер санының 5,5 есеге төмендегені байқалады. Жыл сайын анықталатын заңсыз ойын терминалдарының саны 16 есеге - 1260-тан 76-ға дейін азайды.
Бұл ретте заңсыз ойын терминалдары бойынша қылмыстық істердің саны 2019 жылғы 208-ден биыл 28-ге дейін, яғни 7 есеге азайды. Сонымен қатар, үй-жайларды жалға берушілерді жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Астыртын казино қызметін тоқтатуға бағытталған жұмыс шеңберінде анықталған құқықбұзушылықтар санын 2019 жылғы 35-тен биыл 12-ге дейін яғни, 3 есеге азайтуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар, заңды букмекерлік кеңселер атын жамылған, заңсыз ойын сайттарының 4 дерегі анықталды.
Алаяқтар белгілі букмекерлік кеңселердің атауларын (домендерін) қосымша аббревиатуралар қосу арқылы өзгерткен. Атап айтқанда, белгілі букмекерлік кеңсенің атымен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша тергеу басталды.
Биыл TikTok желісінде құмар ойындардың онлайн трансляциясы жанданды. Қатысушылардың басым көпшілігі - кәмелетке толмағандар.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде ұйымдастырушылардың 177 аккаунты анықталды. Ойыншылардың күнделікті саны мыңдаған адаммен өлшенді. 10 ұйымдастырушыға қатысты 5 қылмыстық іс қозғалды, оның 3-і бойынша үкімдер шықты (қалған істердің тергеуі жалғасып жатыр). 4 адам бас бостандығынан айырудың нақты мерзімдеріне (4 жылдан) және 2 адам бас бостандығын шектеуге (1,5 жылдан) сотталды.
Ақпарат комитетімен және желі иесімен бірлесіп, TikTok платформасының жасанды интеллектісінің жұмысы жолға қойылды, бұл заңсыз контент эфирін жедел бұғаттауға мүмкіндік береді.
Құмар ойындарды тарататын жаңа аккаунттар қысқа мерзімде автоматты түрде бұғатталады. Алдын алу шаралары шеңберінде Агенттік IT-құралдарды пайдалана отырып, интернет-кеңістікте (жаңалықтар порталдары, блогтар, сайттар және әлеуметтік желілердің аккаунттары) құқыққа қайшы мазмұнды ақпаратты іздеуді жүзеге асырып жатыр.
2022 жылы 5,5 мың онлайн-казино сайттары мен аккаунттары, биыл 2 мыңнан аса сайт бұғатталды.
Агенттік Ақпарат комитетімен (АҚДМ) және ҰҚК МТҚ-мен бірлесіп онлайн-казиноның "көшірме" сайттарын (жаңадан құрылатын) жедел бұғаттау туралы шешім қабылдады, "Кибербақылау" жүйесіндегі сайттарды бұғаттау алгоритмі 14 тәуліктен 1 күнге дейін жеңілдетілді.
ҚМА азаматтарды құмар ойындарға-лудоманияға патологиялық тәуелділіктен қорғау мақсатында заңсыз ойын нүктелерін анықтау және бұғаттау жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!