- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "TikTok-қа неге түсіп...
"TikTok-қа неге түсіп жүрсің?" Түркістан облысында күйеуін өлтіріп, денесін бөлшектеп тастаған әйел сотталды
Түркістан облысында күйеуін өлтіріп, кейін денесін бөлшектеп тастаған әйелге қатысты үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 2023 жылғы 10 тамызда болған. Сотталушы М. Сарыағаш ауданында өзінің тұрғын үйінің асхана бөлмесінде заңды некедегі жұбайы жәбірленуші А.-мен қарбыз жеп отырып, жұбайының "TikTok-қа неге түсіп жүрсің, енді кірмейсің" деп шектеу қойғанына, алдына жақындап ұрсып айқайлағанына шыдамай, оның мойын тұсына бір рет пышақ сұққан. Кейін мойнынан қан атқылап жатқанын көріп, пышақты іш тұсына сұғып, сол бөлмеде жерде жатқан таспен бірнеше рет басынан ұрған, әрі қарай қылмысын жасыру үшін көршісінің үйінен дыбыс шығаратын колонканы алдырып, үйінің алдына ән қосып, марқұмның денесін бірнеше бөлікке бөлшектеп, оларды бөшкеге салған.
Қылмыстық құқық бұзушылығын жасыру мақсатында бірнеше таныстарына өтініш айтып, солардың автокөліктерімен тасып Келес өзеніне ағызып жіберіп, сол жерден бой тасалаған.
Сонымен бірге сотталушы қылмыстық құқық бұзушылық іс әрекетін әрі қарай жалғастырып, марқұм жұбайына тиесілі автокөлікті оның танысы С.-ға алдап 2 300 000 теңгеге сатқан.
Мемлекеттік айыптаушы айыпты қолдап, М.-ға ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағымен, 190-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған түпкілікті 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, жазасын өтеуге қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде белгілеуді сұраған.
Сотталушы кінәсін мойындады.
"Сот үкімімен сотталушы М.-ға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағымен, 190-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған түпкілікті 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, тағайындалған жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу белгіленген. Сонымен бірге сотталушы М.-ның заңды некеден 2010 жылы туған Ә., 2012 жылы туған А., есімді жас балаларын қамқоршылылық немесе қорғаншылыққа беру мәселесін шешу үшін "Сарыағаш ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі" ММ-нің қамқоршылық немесе қорғаушылық функциясын жүзеге асыру органына жолдау туралы қаулы шығарылды", - делінген сот үкімінде.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан