- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- The Spirit of...
The Spirit of Turkistan бүгін өтеді. Фестивальге неліктен бару керек?
Түркістанда бүгін KaravanSaray Arena алаңында өтетін The Spirit of Turkistan заманауи этникалық музыка фестиваліне қызу дайындық жүріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алаңда қазірдің өзінде этникалық музыка әуендері шырқалуда. Әртістер саундчек жасап, қолөнершілер тауарларын жайғастырып жатыр. Бүгін кешке сахнада 6 елдің майталман музыканттары бас қосады, олар: "Hassak" (Қазақстан), "DJ Puza" (Қазақстан), "Tengri" (Қазақстан), "Kerekes Band" (Мажарстан), "Avesto" (Тәжікстан), "Beeble" (Италия), "Abbos" (Өзбекстан), "Kolektif Istanbul" (Түркия).
"Бұл біздің Түркістанға алғаш келуіміз, қала өте ұнап жатыр. Адамдары керемет, ауа райы тамаша екен. Бұл жер бізге Ыстамбұлдан да бетер ұнайтын сияқты (күліп, ред), өйткені мұнда адам азырақ, әрі қатты ыстық емес. Біз қазақстандықтар үшін тосынсый әзірледік, ол сахнаға шыққанша құпия бола тұрсын. Бірақ сенімді түрде уәде етеміз: біздің музыкамыз – жүректеріңізге жетіп, баршаңызды билете жөнеледі", – дейді түріктің Kolektif Istanbul тобы музыканттары.
Kolektif Istanbul тобы
Қазақстандық көрермендердің жүрегін жаулап үлгерген мажарстандық Kerekes Band тобы Түркістанға жетіп үлгерді. Бұл өнер ұжымы да The Spirit of Turkistan фестиваліне келушілер үшін ерекше тосынсый дайындаған. Талантты музыканттар ұлы Абайдың "Көзімнің қарасы" әні мен әйгілі күйді орындап, "Қара жорға" биін билеп, көпшілікті тәнті етпек. Мажар музыканттарының төл туындыларымызды жаңаша стильде орындауы баршаңызға ұнайтынына сенімдіміз.
"Түркістан біз бұған дейін болған Алматы мен Астанаға ұқсамайтын, өзіндік ерекше атмосферасымен таң қалдырып жатыр. Бұл жерде ежелгі мәдениеттің рухы мен сәулет туындыларының асқақтығысезіледі. Қала бізді шабыттандырып жатыр", – деп әсерін бөлісті Мажарстаннан келген музыканттар.
Фестивальдің сиқырлы музыкасы сағат 17:00-де басталады. Қонақтар этникалық әуендердің ғажайып әлеміне саяхат жасайды. Ал оған дейін, түсте Түркістан тұрғындары мен қонақтары шығыс базарын аралап, өзгеше атмосферасына бойлай алады.
Тағы еске салсақ, бүгін фестивальге келушілер Fly Arystan әуе компаниясынан Ыстамбұл қаласына тегін 4 жолдама ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Ұтысқа қатысу үшін көрермендер конкурстың барлық шартын орындауы тиіс.
"Қазақстан аумағында және шет мемлекеттерге саяхаттауды дамыту мақсатында Fly Arystan ауқымды мультимәдени жобаны қолдап, фестивальдің ұлты, мәдениеті мен жасы әртүрі адамдарды біріктіруге бағытталған миссиясына үлес қосуға қуанышты.
Бұл - ұлттық ауызбіршілікті нығайтып, Қазақстанның сан алуан мәдениет өкілдерінің бір арнаға тоғысатын жер ретіндегі тартымдылығын арттыруға септігін тигізетін іс-шара. Түркістанға және Түркістаннан ұшуға қолжетімді, әрі жайлы мүмкіндіктер ұсынатын Fly Arystan да бұл қызыққа толы хикаяның бір бөлшегі. Жобаның "қанаты" болып, Түркістан тұрғындарына Ыстамбұл қаласына саяхат жасауға керемет мұмкіндікті сыйлауға да қуаныштымыз", – дейді Fly Arystan өкілдері.
13:00-ден фестивальдің музыкалық бағдарламасы басталғанша шара аумағында "Бес асық", "Асық ату" мен "Өгіз тартыс" ұлттық ойындарынан сайыс өткізіледі. Ойынға қатысушылар бағалы сыйлықтар ұтып ала алады.
Сағат 13:00-ден бастап, "Орда" жобасы Ұлы Дала аңыздарына жан бітіреді. Сауыт-сайман киген алып батырлар қылыш айналдыру шеберлігін көрсетеді. Ал, 22:50-де этно-жоба әртістері отпен билеу салттық биін ұсынып, көрермендерді тағы бір таңғалдырмақ.
15:00-ден 22:00-ге дейін келушілер фестивальдің этникалық атмосферасына сән қоса алады – қонақтар бетіне қазақ оюларын салдырып, шығыс стилінде тегін грим жасата алады.
Бүгін KaravanSaray Arena алаңында кездескенше! Кіру тегін!
The Spirit of Turkistan фестивалі Kazakh Tourism қолдауымен өтіп жатыр. Жобаның бас серіктесі - Kaspi.kz.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова