The Spirit of Tengri - жыл сайын таңғалдыратын фестиваль

Осы демалыс күндері Алматыда 11-ші рет халықаралық «The Spirit of Tengri» заманауи этникалық музыка фестивалі өтті. Жобаның бас серіктесі - «Magnum Cash&Carry» бөлшек сауда желісі. 

Бұл фестивальді асыға күтеді, өтетін күндерін алдын ала жоспарлап, дайындалады, шара үшін арнайы образ әзірлеп, сахнаның дәл алдына жайғасу үшін ертерек келеді. The Spirit of Tengri жанкүйерлері керемет шоудың куәгері болатынын біледі. Халықаралық музыкалық шараны ұйымдастырушылар да Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен көрермен үмітін ақтауға тырысады  – фестиваль жыл сайын таңғалдырып, қуаныш сыйлаудан шаршамайды.

Таң атқаннан оңтүстік астана тұрғындары мен қонақтарына ұлттық тағамдар мен авторлық бұйымдар ұсынылды. «Global Village» дәстүрлі жәрмеңкесінде этностильдегі ерекше алтын әшекейлермен қатар, саңырауқұлақтар мен айдаһарлар бейнеленген киіз қалпақтарға дейін сан түрлі бұйымдар болды. 

Қонақтардың бір бөлігі өздеріне әшекейлер алып, қазақ деликатестерінің дәмін татып жатса, басқалары алаң ортасында ұйымдастырылған спорттық сайыстарда бақ сынап жатты. Ересектер мен балалар асық ату, бес асық, ләңгі тебу ойындарына қатысып, ептілігі мен мергендігін сынап көрді. 

«Бала кезімде балалармен аулада ләңгі теуіп жарысатынымыз бірден еске түсті. Әрине, қазір бұрынғыдай ептілік жоқ. Бірақ көңілім бір көтеріліп қалды. Балалық шақтағы ойындарымыздың қайта жаңғырып жатқаны тамаша ғой», - деді қатысушылардың бірі.  

Атақты қазақстандық суретші Ләйлә Жарқынның киізден жасаған перформансы фестивальдің көркін қыздыра түсті. Оған «The Spirit of Tengri» қонақтары да қатысты, олар суретшімен бірге 20 метрлік текемет жасап, әрлеп шықты.   

Белсенді демалыстан гөрі, зияткерлік шараларды ұнататындар үшін биыл фестиваль ұйымдастырушылары алғаш рет дәрісхана жасап, онда қазақстандық зерттеушілер Ұлы Дала тарихы, көшпенді халықтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы айтып берді. Электр қобыз авторларының бірі, Қобызшылардың халықаралық чемпионатының негізін қалаушы Ләйлә Тәжібаева өз дәрісінде қазақ халқының музыкалық мұрасының дамуы мен сақталуындағы қобыздың рөліне тоқталды. 

«Мен ерекше әсер алдым. Адамдар өз халқының тарихы мен мәдениеті туралы, музыкасы туралы көбірек білгісі келеді. Біз Қазақстанның өз идеологиясы қалыптасқанын қалаймыз. Қазақ музыкасы сұранысқа ие болуы керек, ол көк аспанымыздың астында әуелей беруі тиіс», - деді лектор.

Бұл маңызды міндетті «The Spirit of Tengri» фестивалі де абыроймен атқарып келеді, шараға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған әртістермен қатар, міндетті түрде қазақстандық орындаушылар да қатысады. Биыл еліміздің атынан «The Magic of Nomads» тобы қатысты. 

«Біз фестиваль сахнасында алғаш рет өнер көрсеттік. Бірақ бұл жобаны бұрыннан білеміз, жақсы көреміз. Фестивальдің болашағы зор. Өйткені қазір адамдар этникаға ерекше қызығушылық білдіре бастады», - деп атап өтті жоба жетекшісі Ғазиза Ғабдрахимова. 

Музыканттардың сөзіне фестивальге жиналатын жанкүйерлердің саны да дәлел. Жыл сайын этномузыканттардың өнерін тамашалау үшін алаңға 30 мыңнан астам адам жиналады.  

«Фестиваліміз Алматының айтулы шарасына айналды, бұл – түрлі елдерден көрермендер жиналатын халықаралық жоба. Ол халықтардың басын қосады. Музыкада шекара мен саясат жоқ. Жыл сайын біз Қазақстанға келіп, алған әсерін өз еліне айтып баратындар көбірек болуы үшін, фестиваль қатысушыларын да көбейтуге тырысып келеміз», - деп атап өтті Зәуре Қазыбаева, «Alash Мedia group» медиахолдингінің бас директоры.

Биыл фестиваль сахнасында 10 елден келген музыканттар шығармашылықтарын паш етті. Олардың арасында көрермен көзайымына айналған қатысушылар – ABBOS тобымен (Өзбекстан) қатар, алғаш рет қатысып, жиналғандардың жүрегін бірден жаулап алған германиялық Labrassbanda тобы, Түркиядан келген Fasil-I Jazz тобы мен шығыстың әсем әуендерін ұсынған өзбекстандық QARAQOOM жобасы да бар. 

Лирикалық, әсерлі әуендерін ұсынған «MGZAVREBI» (Грузия) мен ырғақты музыкасымен алаңды билеткен «Zdob si Zdub» (Молдова) - көрермен көңілінен шыққан нағыз сыйлық болды. 

Жыл өткен сайын фестиваль бағдарламасы мен қатысушылар құрамы өзгерсе де, көрермендердің жоба мен музыканттарға деген ықыласы өзгермейді. Жиналған жұрт әр қатысушыны құрмет-қошемет көрсетіп қарсы алып, сөзін білмесе де, музыканттармен бірге ән шырқап, ырғақты әуендерге ілесе билеп жүрді. 

Фото – ГЛЕБ ТЕРЛЕЦКИЙ

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!