- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- The Spirit оf...
The Spirit оf Tengri фестивалінде "Тиграхауд" тобы "Алпамыс" дастанын орындайды
The Spirit of Tengri-2016 заманауи этникалық музыка фестивалінде қазақстандық "Тиграхауд" тобы "Алпамыс" дастанын орындайды. Концерт Астана уақытымен сағат 17.00-де басталады.
Айта кетейік, "Тиграхауд" тобының музыканттары шараға екінші рет қатысқалы отыр. Былтыр олар ұлттық аспаптар арқылы, электрогитара, флейта және көмеймен айту арқылы тәжірибе ретінде қазақша рок орындады. Бірақ олар бұл өнерімен ғана емес, аңдардың стиліндегі киімімен де көрермендерді тәнті етті.
Топтың жетекшісі Данияр Жақияновтың айтуынша, биыл да көрермендерді жарқын шоу күтіп тұр. "Биыл жаңа репертуармен шығамыз. Мысалы, "Алпамыс" дастанын өзімізше орындап көреміз. Бұл эпосты шертер, домбыра, сыбызғы, бас домбыра сияқты ұлттық аспаптармен орындап бастап, соңын эстрада бағытында оындаймыз, - деді ол. - Биыл жаңа тәжірибелер мен жаңа әсерлер күтіп отырмыз. Фестивальде біз ғана өнер көрсетпейміз, басқа да ұжымдармен танысып, тәжірибе алмасамыз. Мысалы, былтыр алғаш рет шыққан кезде басқа топтардың көрермендермен жұмыс істеуін көріп, өзімізше түйін жасадық. Өзімізге жинаған тәжірибені шығармашылығымыз арықылы көрсетеміз".
Жақиянов эпосты басқаша етіп жеткізетінін айтты. "Біз оны ертегі сияқты етіп айтамыз. Яғни, шумақ пен қайырмадан тұрмайды. Көрермендер белгілі бір оқиғаны біліп шығатындай етіп жеткіземіз", - деді ол.
Фестивальде әлемге әйгілі тывалық Huun Huur Tu тобы "Грэмми" жүлдесінің екі рет номинанты атанған америкалық DJ Carmen Rizzo-мен бірге өнер көрсеткелі отыр. "Біздің бағытымыз - дәстүрлі музыкамен байланысқан электрондық заманауи жанр. Негізгі базамыз - тывалық дәстүрлі әндер. The Spirit of Tengri фестивалі өсіп келе жатыр. Бұл түрлі бағытты қамтитын жалғыз фестиваль. Мұнда барлығы бар", - деді Huun Huur Tu тобының мүшесі.
Сонымен қатар, Алматыда өтетін The Spirit of Tengri фестивалінде эстониялық Trad. Attack! тобы да жаңа бағдарламамен өнер көрсетеді. Топтың әншісі Сандра Силлама фестивальге шақырту алғаны үшін қуанышты екенін жеткізді.
"Былтыр мұнда бес мың адам жиналған ең үлкен концерт өтті. Олар биледі, ән айтты. Бір сөзбен айтқанда, көрермендер өте жақсы белсенділік танытты. Бізді тағы шақырғандары үшін қатты қуаныштымыз. Түрлі фестивальде өнер көрсетеміз, әрқайсысы өзінше ерекше. The Spirit of Tengri фестивалінде өте бақытты, қуанышты көрермендер болды. Олар бізді шынайы қабылдады", - деді ол.
4-5 маусым күндері өтетін халықаралық заманауи этникалық-музыкалық The Spirit of Tengri фестивалі open-air үлгісінде Республика Сарайы алдындағы Абай алаңында болады. Дайындық қызу өтіп жатыр. Алаңда аппаратура орнатылып қойған.
Концерт сағат 17.00-де басталады. Қонақтарға кіру тегін. Жобаны ұлттық Tengri FM радиостанциясы ұйымдастыруда. Шара Алматы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп, Алматы қаласының 1000 жылдығына арналады. Екі күндік фестивальді Tengri FM радиостанциясы мен бас серіктесі Kaspi bank ұйымдастырып отыр.
Биыл фестивальге 9 мемлекеттен 13 топ қатысады. Олардың ішінде: Baba Zula (Түркия), "Айирхаан" (Якутия), TRAD.ATTACK! (Эстония), Huun Huur Tu (Тува), DJ Rizzo (АҚШ), "Аргымак" (Башқұрстан), Екатерина Ямщикова (Башқұрстан), Tilla Török's Band & Holdviola (Венгрия), "Алдаспан" (Қазақстан), DJ Нариман Исенов (Қазақстан), "Тиграхауд" (Қазақстан), Roksonaki (Қазақстан) и Sintas (Қытай), "Барабаны Алматы" жобасы мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның домбырашылары.
Дереккөз: kaztengrinews.kz
О. Сансызбай