Адам өз бойындағы талантты бағаламауы, тіпті байқамауы да мүмкін. Сондықтан да біреудің таланты ерте ашылып, енді біреулер талантымен кеш танылып жатады.
Бала бойындағы таланттың бүр жаруына да бір себеп керек. Себеп болғанда да ол үшін қолдау, көпшілікке жетістігін айтып танытқан абзал. Бұл баланы қанаттандырады, әрі өзіне деген сенімділігін арттырады. Осы балаларды таныту, армандарына қанат бітіріп, көпшілікке танылуы мақсатында Tengrinews.kz редакциясы "Қазақстанның талантты балалары" жобасын қолға алды.
Соңғы жылдары әлемді талантымен таңдандырып жүрген қазақстандық балалар жайлы жиі еститін болдық. Кеудеңді қуаныш кернейді. Қай сала болса да, жетістігімен танылып жүрген жасөспірімдеріміз баршылық. Оның жарқын бір мысалы, 13 жасар Данэлия Тулешова. Ол әлемге "ғажап вокаль орындаушысы" болып танылды. Ел ішінде Данэлия секілді талантты балалар аз емес. Түрлі себептермен тасада жүргені қаншама? Оларды таныту мен болашағына жол ашу - Tengrinews.kz сайтының басты мақсатына айналып отыр.
- Қазақстандықтар біздің жас таланттарымызды білсе дейміз. Елімізде ең ақылды, әртістік қабілеті жоғары, түрлі аспаптардың құлағында ойнайтын, спортпен шұғылданатын, зерек, алғыр балалар жетерлік. Таланттан кенде бала жоқ. Тек олардың талантын уақытында аша білу керек, - дейді жобаны ұйымдастырушы Tengrinews.kz ұжымы.
12 жасар оралдық Ержан Максимді жұрт жуырда ғана таныды. Ресейдегі "Голос. Дети" жобасының финалына шыққан отандасымыз тамаша дауысымен талайларды таңдандырды. Микелла Абрамоваға жол бергені болмаса, жеңіске лайықты өнер көрсетті. Жұрт жеңімпаз деп мойындады. Бастысы жеңімпаз болу емес, талантымен жұртты мойындату маңызды екенін бір дәлелдеп берді.
Соңғы 2 жылда АҚШ-та тұрып келе жатқан Софи Манасян да қазақстандық жас таланттардың бірі. Ағылшын тілін еркін меңгерген Софидің білім саласындағы жетістігі мол-ақ. Бірер ай бұрын Лос-Анджелестегі арнайы комиссия алдында бақылауын сәтті тапсырып шықты. АҚШ білім жүйесіндегі Gifted дәрежесі бар студенттердің бірі.
Софи Манасян халықаралық би конкурсына қатысып танылды. 6 жасында Австриядағы "Moment of Glory" шоуына қатысты. 4 жасында "Әлемнің кішкентай ханшайымы" конкурсында вице-мисс атанды.
Талантты жастарымыз жетерлік. Соның бірі - балалар үйінің тәрбиеленушісі Анна Водолазова. Ол жуырда ғана Біріккен Араб Әмірлектері елінде өткен джиу-джитсудан әлемдік біріншілікте алтын медаль еншіледі. Осы спорт түрімен шұғылданғанына 1 жыл ғана болған. Талантты қызды балалар үйінің директоры мен жаттықтырушылары қолдауда.
Қазақстандық талантты шахматшы қыз Бибісара Асаубаева да талай жетістік шыңын бағындырып үлгерді. 7 жасында қыздар арасында FIDE-ден шахмат шебері дәрежесін алды. Ол - бес дүркін әлем чемпионы.
Тізе берсек, бұл тізім жалғаса береді. Ал одан сайын жалғастыра түсу үшін де таланттарымызды таныта түсуіміз керек. Егер Сіздің ұлыңыз, не қызыңыз ерекше өнер иесі, жұрттан асқан білімді, елден ерек, талайды таңдандыратын зерек болса, онда Tengrinews.kz жобасына қосылыңыз. Талантты балалар жайлы kids@tn.kz почтасына хабарлама жіберсеңіздер болғаны. Сондай-ақ редакцияға қоңырау шалсаңыздар (телефон нөмірі сайтта көрсетілген) болады.
Tengrinews "Қазақстанның талантты балалары" жобасын ERG компаниясы қолдауымен жүзеге асырады.
Tengrinews талантты балаларды күтеді. Асығыңыздар! Жасөспірімдердің өнерін ұштап, талантымен танылуына жол ашыңыздар!