- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Telegram Қазақстандағы өкілін...
Telegram Қазақстандағы өкілін тағайындап, кеңсесін ашады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Telegram Қазақстанда кеңсесін ашатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы министр Жаслан Мәдиев АҚШ Сауда палатасымен және Meta мен Apple сияқты америкалық компаниялардың өкілдерімен кездесуде мәлімдеді.
Аталған кездесулерде ақпарат қауіпсіздігі, фейк аккаунттармен күрес және пайдаланушыларды қорғауға қатысты мәселелер туралы айтылды.
"Біз Telegram платформасымен заңсыз контентті жедел жою және деструктивті арналарды бұғаттау бойынша ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Біздің заңнамаға сәйкес енді Telegram, WhatsApp және TikTok сияқты интернет-платформалар Қазақстанда өз өкілін тағайындайды. Telegram-мен олардың өкілін тағайындау және кеңсе ашу туралы келісімге қол жеткіздік", - деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Meta компаниясымен алаяқтық схемаларға қарсы күрес жұмыстарының басталғанын да мәлімдеді. Meta өкілдері Қазақстан тап болып отырған интернет алаяқтық көптеген елдер үшін ортақ проблема екенін атап өтті. Соңғы тоқсанда Meta жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, әлем бойынша 1,2 миллиард жалған аккаунтты бұғаттады.
"Цифрлық даму министрлігі қазақстандықтардың цифрлық платформаларда қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сенімді инфрақұрылымды құру үшін халықаралық серіктестермен жұмысын жалғастырады. Пайдаланушыларды қорғау басты басымдықтардың бірі болып қала береді және біз осы мақсатқа жету үшін ынтымақтастықты нығайтатын боламыз", - деп атап өтті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева