ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті Екібастұзда вейптер, оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды заңсыз айналымға шығарумен айналысқан топты анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тыйым салынған өнімдер Telegram мессенджеріндегі VAPE SHOP MAXI MALL арнасы арқылы сатылып, курьерлер арқылы жіберіліп отырған.
ҚМА мәліметінше, 5 600-ден аса вейп пен олардың бөліктері тәркіленген. Бұл өнімдер сатылғанда қылмыстық табыс 100 млн теңгеден асатын еді.
"Жедел іздестіру іс-шаралары барысында қойма мен сату нүктелері анықталды. Ерекше назар аударатын жайт бар: бұл өнімдер кәмелетке толмағандар, соның ішінде мектеп оқушылары арасында кең таралған. Заңсыз бизнесті ұйымдастырушылар электрон темекілерді жасөспірімдерге сатып, олардың денсаулығына қауіп төндірген. Тергеу амалдары жалғасып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова